«Оқу ағарту министрлігі, өзгеруді өздеріңнен бастаңдар!» деді Мәжіліс депутаты

0
4101
Өткен аптада Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі кейбір пән мұғалімдерінің білім көрсеткішінің төмен екенін айтып, олардың білімін жетілдіру керектігін сөз еткен еді.
Осыған орай Мәжіліс депутаты, білім саласында үлкен тәжірибесі бар педагог Ирина Смирнова әлеуметтік желі парақшасында «Оқу ағарту министрлігі! Өздеріңнен бастаңдар!» деген жазба жариялады.
Жазбасында Ирина Смирнова: «Тағы да мұғалімдерді оқытпақ па? Тағы да сол министрлікке қарасты «Өрлеу» арқылы оқытпақ па? Мұның орнына әркім өз шаруасын атқарса, мұның орнына жұмыс істеу тәсілін өзгертсе, қалай болар еді? Өзгеріңдер! Оқу ағарту министрлігі! Өзгеруді өздеріңнен бастаңдар!» деп жазды.
Депутаттың бұл жазбасына қатысты министрлік өкілі Мереке Амангелдіқызы министрдің алдымен «Өрлеу» филиалдары өкілдерімен кездесіп, мұғалімдерді оқыту курстарын толық трансформациялау керектігі жөнінде айтқанын алға тартты.
Әйтсе де, министрлік өкілінің бұл уәжін Ирина Смирнова мардымды жауап деп қабылдамады. «Шешімі табылмаған жолмен қайта-қайта жүре берудің керегі жоқ. Жылда осы жағдай қайталанады» деген Ирина Смирнова министрліктің жұмысына көңілі толмайтынын ашық білдірді.
Депутаттың осы жазбасына қатысты пікір жазған орыс тілді мұғалімдер мен қарапайым азаматтар бүгінгі қоғамда оқушылардың сауаттылық деңгейінің төмендігін, мұғалімнің балаға білім беруге мүмкіндігі аз екенін, себебі жоғарыдан бұйырылған тапсырмаларды орындаумен мұғалімнің шаршайтынын жасырмады.
Құрғақ сөз, түкке алғысыз жобалар, пайдасы мардымсыз курстар, қатеге лық толы оқулықтар, ескі білім бағдарламасы және біртпейтін құжат толтыру сынды жұмыстан босамайтын мұғалімі бар елде оқушының сауаттылық деңгейі туралы сөз қозғаудың керегі бар ма, қалай ойлайсыз?
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото интернеттен.