23 оқушы шұғыл ауруханаға жатқызылды

0
376

Ақтөбе облысының Қобда ауданында 4-сынып оқушылары жаппай уланып, ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға 18 ақпанда Қобда ауданында болған. Қобыланды батыр атындағы орта мектептің 23 оқушысы шұғыл ауруханаға жатқызылды. Төртінші сынып оқушыларында жүрек айну, көзден жас ағу және бөртпе белгілері байқалды.

«Оқушылардың бірі мектеп жанындағы дүкеннен қытай тәттісін әкелген. Оны жегеннен кейін жеті бала өзін нашар сезініп, тағы тоғызы қатты иістен ауырып қалды», – деп хабарлады Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Қобда ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабыловтың сөзінше, сынып жетекшісі балалардың жағдайы нашарлағанын байқап, дереу жедел жәрдем шақырып, ата-аналар мен мектеп әкімшілігіне хабарлаған.

Барлық бала аудандық ауруханада қаралды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жеті бала тамақтан уланған, қалғандары ингаляциялық жолмен уланған. Қазір аудандық ауруханада тоғыз бала жатыр. Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланды. Кәмпит сараптамаға жіберіліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

19 ақпанда таңертең оларды облыс орталығының педиатр дәрігері қарады.

Фото көрнекілік үшін.