«Намаз оқитын педофил Аллаға жақын» деген түсінік қалай қалыптасуда?

0
328

Дінтанушы ислам дініндегі намаз культі туралы айтты. Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Дінтанушы, имам, діни тақырыптағы көптеген мақалалар мен кітаптардың авторы Рустам Батыровтың намаз культіне ұрынған адамдар туралы түсіндірген видеосы тарады.

Интернеттегі мәліметке сенсек, Рустам Батыров — Татарстан мұсылмандар діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары.

Ол, қазіргі таңда ислам әлемінде «ешкімге зиян келтірмейтін бірақ, намаз оқымайтын адамға қарағанда қылмыс жасайтын, бірақ намазын оқитын педофил Аллаға әлдеқайда жақын» деген қорқынышты әрі қауіпті түсінік қалыптасқанын мәлімдеді.

«Исламды намаз культіне айналдырып жіберді. Әрине, намаз оқыған дұрыс. Ол — Алланың бұйрығы. Бірақ, адамдардың өздері ойлап тапқан намаз культі — жиіркенішті. Намаз культіне сәйкес, ешқандай ауыр күнә жасаймайтын, бірақ намаз да оқымайтын адамға қарағанда намаз оқитын, бірақ балаларға зорлық-зомбылық жасайтын педофил мен адам өлтіретін қылмыскер Аллаға әлдеқайда жақын«, — дейді дінтанушы.

Ол сөз арасына осы сөзін дәлелдейтін видео да қосқан. Онда аты-жөні белгісіз діни ұстаз Аллаға адамдардың жақындығына қатысты «пәтуә» шығарып отыр.

«Намаз оқымайтын адамға қарағанда осы күнәлардың барлығын жасап, бірақ намаз оқитын адам Аллаға жақын әрі жақсы мұсылман», — делінген видеода.

Рустам Батыров осындай пікірлердің жиі айтылуы мұсылмандарды моральдық деградацияға әкелетінін ескертеді.

«Демек, намаз культі толық моральдық деградацияға әкеледі. Сіздер ондай мұсылмандарды кездестірген де шығарсыздар. Олар — Құдай алдындағы құлшылығын уақытылы жасайтын, бірақ қарызын қайтармайтын, келісім бойынша өз міндеттерін дұрыс атқармайтын, алдайтын мұсылмандар. Таныс жағдай ма? Міне, осы себептен тіпті мұсылмандардың өзі бір рет аузы күйгеннен кейін діншілдермен жұмыс істегісі келмейді. Достар, өміріңе намазды кіргізсең, өміріңді жақсартасың. Ал, намаз культіне ұрынсаң, тағдырыңның тас-талқанын шығарасың», — дейді ол.

Журналист Жанар Байсеміз желідегі парақшасында Руслан Батыровтың аталмыш видеосын жариялап, намаз культінің қазақ қоғамын да жайлап алғанын жазды.

«Бұл кісінің Ислам дінін өзге қырынан көрсетіп жатқан амалдары маған жағып жатыр. Адамдар ойлансыншы деп, жариялап отырмын.

Иә, намаз культі қазақ қоғамын да жайлап кетті. Бұл намаз оқыма деген сөз емес. Намаздың культіне жығылып, адамдықтан аттама деген сөз.

Соңғы кезде “намаз культіне” ұрынған адамдарды көп кездестіріп жүрмін. Олардың арасында такси жүргізушісінен бастап, мемлекеттік қызметте жүрген әкім-қаралар да, үй әрлеушілер мен жөндеу жұмыстарын жасаушылар да, жалпы барлық саладағы адамдар бар.

Мені таңқалдырған әрі шошындырған нәрсе “намаз культіндегілер” жұма намаз бен белгілі бір адам алдындағы парыз бен міндет қатар тұра қалса, намазды таңдайды екен. Яғни олар Аллаға құлшылық жасау деген — адамға құлшылық жасау екенін түсінбейді. Адамның көңілін қалдырар, міндеттелген жұмысын қалдырар, уәдені ұмытар, бірақ намаз олар үшін адамнан жоғары болып қалады», — деп жазды ол.

Оның айтуынша, адамның көңілін қалдырған мұсылманды Құдай да жарылқамайды.

«Айналайын, көкесі-ау, алған жұмысыңды бітірмей, берген уәдеңді орындамай жатып, бәрін тастап, жұма намазға барғанда Алла саған разы бола ма, деп қалсаң, беттен алып, төстен шабады. Дәл сол сәтте алдында ғана жүзінен иманы төгіліп тұрған адамның түкірігі шашырап, сені жерден алып, жерге салады. Бір демде құбыжыққа айналады.

Приоритет — адамның көңілі емес, адамға берген уәде емес, приоритет — қайткенде де жұма намаздан қалмау! Құдай да “жынды” емес шығар?! Өзгенің қамын жемеген, уәдесінде тұрмаған, біреуді ренжітіп, жүрегін ауыртқан адамның құлшылығын қалай қабыл етеді?!

Менің пайымымдағы намаз, әркімнің өз шаруасы, өзінің жүрек кірін кетіру үшін, тәубе ету үшін жасайтын діни рәсімі. Бірақ, бұл амал адамға зиянын тигізбеу керек. Намаз оқимын, намазым бар деп міндетсінбеу керек. Оқыса әр адам өзі үшін оқиды. Алла ешкімнің намазына мұқтаж емес.

“Намаз культінде” жүрген адамдар бәрібір мұны түсінбес. Бірақ, менің сөзім сізге ой салса екен.

Дінді ұста, намаз оқы. Бірақ, қатты қуып кетпеші, замандасым… Адам көңілін қалдырған пендені Құдай жарылқайды деп ойламаймын», — дейді Жанар Байсеміз.