Наурыз — ешқандай ораза-рамазанға қарамай, өз деңгейінде тойланады

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде «биыл оразаға тура келгені үшін Наурыз мерекесі тойланбасын» деген сөз жиілей бастады деп жазады Democrat.kz.
ТикТок әлеуметтік желісінде де діншілдердің тікелей эфирлерінде «мұсылмандарға құрмет болуға тиіс, Наурызда тамақ ішіп-желінетіні үшін биыл тойланбаса қайтеді» дегенге саятын сөздер айту жиілеуде.
Осы мәселеге байланысты қоғам белсендісі Сіргелі Әлсерке: «22- Наурыз» жаңа жыл мемлекеттік мереке. Өткен жылы қалада емес, кейбір аудандарда, ораза айында, молдалар Наурызды тойламайсыңдар деп тоқтатқан деп есттік.
Биыл да Наурызды кейбір аудандарда, молдалар, тойламайсыңдар дегенін ұзынқұлақтан есіттік.
Біздер зайырлы мемлекетте тұрып жатырмыз, ислам мемлекетінде емес. Демек молдалар мемлекеттік мерекелерге соқтығыспай аулақ жүрсін. Тиісті органдардан жауап күтеміз» деп жазды әлеуметтік желі парақшасында.
Қоғам белсендісінің бұл жазбасына Shymkent Din парақшасынан:
«Өзіңіз айтып өткендей «Наурыз» мерекесі мемлекеттік мереке болғандықтан бұл мерекені тойлатпауға ешкімнің де құқығы жоқ.
Жыл сайынғыдай биылғы жылы да «Наурыз» мерекесіне орай мәдени-бұқаралық, ұлттық, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, мерекелік концерттер қойылатын болады» деген жауап жазды.
Наурыз — мемлекеттік қана емес, қазақтың ұлттық мерекесі саналады. Тиісерге қара таппаған дүмшелердің енді ұлттық мерекеге тиісуі бекер емес. Себебі Наурыз — ұлтты біріктіретін нағыз шынайы мереке.
Ал дүмшелерге ұлттың ұйысып, бірігуі, ұлты үшін марқайып, мақтануы — ұнамайды. Ұнамайды емес, дүмшенің шайтанын қоздырады деуге болады. Сол себепті кейбірі мүләйімсіп «мұсылман ораза ұстайтын еді бұл айда» деп жақауратып, енді бірі ашықтан-ашық «Наурызды тойлатпауға» жанталасуда.
Рамазан айының наурыз айында келуі, Наурыз мерекесінде мұсылманның аузы берік болуы — шынайы діншіл үшін ешқандай сылтау емес.
Құдай үшін «шыдаймын, сабырлы боламын» деп аузын бекітті ме, шыдасын аштыққа. Шыдай алмаса, өзге жұрттың тамақ ішуі өзіне ауыр әсер ететін болса, демек, ол пенде нағыз мұсылман емес. Демек ол пенденің иманы мықты болмағаны!
Нағыз мұсылманның ең басты қасиеті — сабырлылық, төзімділік. Ондай қасиеті жоқ пенде өзін де, өзгені де алдамай, «оразамын» деп әлдеғандай болмай, ал ең бастысы тұтас ұлттың мерекесіне кедергі келтірмей, үйінде жатсын!
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото көрнекілік үшін.