«Бізде еркек тамақ жасап, «сүйек жаңғырту», «құдалық» дәстүрі сақталған» дейді Шохмурод Молайханов

0
35

Шохмурод Молайханов – Қазақстанда тұратын өзбек ұлтының өкілі. Ата-бабалары Қазақстанға 1800 жылдары қоныс аударған. Ол қазір Алматыдағы өзбек Этномәдени Бірлестігі жастар қанатының төрағасы жастар қанатының төрағасы болып қызмет етеді. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Шохмурод Анарханұлы Қазақстанда тұратын өзбек халқының салт-дәстүрі мен таныс-тіршілігін баяндап, өз ұлтына тән ерекше қасиеттері туралы айтты.

Шымкент қаласының тумасы Шохмурод Молайханов ата-бабаларының Қазақстанға қоныс аударғаны туралы және мұндағы өзбек халқының тыныс-тірішілігі туралы айтты.

“Өзбек халқы диқаншылық пен қолөнерге жақын”

“Негізі жеті атамызды білеміз. Ата-бабамыз Қазақстанның Шымкент қаласына 1800 жылдары көшіп келген. Сол кездері ол жерде “Ақмешіт” деген медресе-мектеп болатын. Сонда оқып, білім алды. Әкемнің әкелері сол жерде бұрыннан қоныстанған. Өзбек халқының өте еңбекқор екені бәріне белгілі. Өзім оңтүстіктің тумасы болғандықтан бізде жұрт диқаншылық, шаруашылық, өнеркәсіп, тігін, қолөнермен шұғылданады. Ауылдық жерлерде негізінен мал шаруашылығы, егін егіп, сауда-саттық жасайды”, – дейді қазақстандық.

Өзбек халқында сәулет өнері жақсы дамыған

Өзбектің отырықшы халық болғанын алға тартқан ол мәдениеттен қолөнер, үй салу, оның ішін сәндеу, архитектураның жақсы дамығанын айтады

Оның сөзінше, қазақ-өзбек түбі бір түркі тілдес халық болғандықтан салт-дәстүрінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Десе де мереке тойлау кезінде, ұлттық тағамдарында өзгешелік кездеседі.

“Наурыз мерекесін алар болсақ, біз де көктемнің алғашқы айын халық болып атап өтеміз. Барлық жақын туыстарымыз үйдің үлкені, атамыздың шаңырағына жиналады. Қазақтар наурыз көже дайындаса, өзбектер “сумаляк” дейтін ұлттық тағамын әзірлейді. Өзбектер бидайды сулап, бір аптадай оның өскенін күтеді. Кейін бидайдың суын үлкен қазанға құйып, оған ұн қосады. Сөйтіп оны 17-18 сағаттай қайнатады. Тағам дайын болған соң оны бүкіл туған-туысқанға, көршілерге таратып береді. Осылайша басқалар ниет етіп, дұға етіп, тағамнан дәм татады”, – дейді Шохмурод Молайханов.

“Баланың есімін ата-анасы қоймайды”

Отбасында үзілмейтін әдет-ғұрыптардың бірі – жаңа туған нәрсетеге тек ата-әжесінің есім қоюы.

“Айтып өткендей, түркі халықтарың мәдениет, салт-дәстүрінде аса айырмашылықтар жоқ. Бірақ отбасында сәби дүниеге келсе, оның есімін ата-анасы емес, ата-әжесі қояды. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Үйдің үлкендері балаға ат қойып, құлақтарына азан шақырады. Сондай-ақ мен бұл ғұрыпты қолдаймын. Содан кейін баланы бесікке салу, тұсаукесер, сүндет той бұл екі халыққа ортақ дәстүр”, – дейді Шохмурод Анарханұлы.

“Палауды еркектер пісіреді”

Өзбек халқында үлкен мейрам, тойларда палау пісіру ер адамдарға жүктеледі. Шохмурод Анарханұлы осының себебін айтып, түсіндірді.

“Күнделікті деп айтуға келмес, бірақ үлкен той, жиындарда палауды ер адамдар жасайды. Себебі ер адамдардың жасаған палауы дәмді болады дейді. Сондықтан еркектер палауды ерекетер пісіреді. Бұл бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып”, – дейді кейіпкеріміз.

Қыз алып қашу құпталмайды

Сондай-ақ өзбек ұлты күйеу баласына ерекше құрмет көрсетеді. Оны “күйеу бала құрметі” деген салтынан байқауға болады. Онда күйеу бала  қайын жұртының үйіне кірмейді, ерекше орынға отырғызылады, тіпті, оны “қадірлі қонақ” деп қабылдайды. Қазақтарда керісінше, күйеубаланың қайын жұртта ерекше міндеттері бар. Атап айтқанда “сүйек жаңғырту” немесе “қырық серкеш” секілді дәстүр қазақ пен өзбек ұлтындағы салттардың өзгешелігін көрсетеді.

Сонымен қатар өзбек ұлты “қыз алып қашу” салтын құптамайды. Олар қыздың келісімінсіз үйлену – үлкен әдепсіздік деп санайды. Ал Қазақстанның кей өңірінде бұл салт ара-тұра кездеседі.

Құдалық салты қазаққа да, өзбекке де тән болғанымен, салттың жасалуы кезінде айырмашылықтар кездеседі. Құдалық сән-салтанатпен өткізетін өзбек халқы қалыңдықтың үйіне “Фатиха той” немесе “Қыз көрсету” рәсімін жасап, қымбат мата, алтын әшекейлер, тәттілер секілді арнайы сыйлықтар апарады. Мұндай үрдіс қазақ та бар. Бірақ өзбектерде қалыңмал мен тарту-таралғының көлемі әдетте көбірек болады.

Айтуынша, өзі әжесінің қолында өскен. Ол әжесін өзіне жақсылығы өткен, ерекше алғысқа лайық адам біледі. Шохмурод Молайхановтың сөзінше, алғыс айту әуелі отбасынан басталу керек.

“Әжем менің білім алуыма, тұлға ретінде дамып, қалыптасуыма ықпал еткен, қаржылай қолдау көрсеткен жан. Қазір менің биік белестерді бағындырып, көптеген жетістікке жетуім әжемнің еңбегі. Осы тұста ата-анама да ерекше алғыс айтамын. Жалпы өмірде кездескен қандай адам болсын оған алғыс айту керек деп санаймын. Олардың бірі жақсылық жасаған болса, енді бірі тәжірибесін бөліскен болуы мүмкін”, – дейді қазақстандық азамат.

“Әлемде Қазақстан халқы Ассемблеясының аналогы жоқ”

Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасы деп біледі.

“Өзге ұлт өкілдерінің бейбіт ғұмыр кешіп жатқаны әлемде теңдесі жоқ Қазақстан халқы Ассемблеясының да ықпалы бар. Өйткені бұл ұйым бүкіл ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, олардың дұрыс бағытта дамуына, арадағы ынтымақтастықты сақтауға көмектеседі. Қазақстан халқы Ассемблеясында ақсақалдар ұйымы, аналар мектебі, ассамблея жастары деген ұйымдар бар. Аталмыш ұйымдар өз жұмысын жақсы атқарып жатыр. Сондықтар еліміз тыныш, халқымыз бақытты өмір сүру сүру үшін осындай шаралар жасалып жатыр”, – дейді ол.

“Қазақтардай асарлатып, көрісеміз”

Сондай-ақ Шохмурод Молайханов Қазақстанда туып-өссе де, ешқашан бас ұлт өкілдерінің тарапынан қысым немесе келеңсіз жағдайлар болмағанын айтады.

“Еліміз демократиялық мемлекет болғандықтан әр ұлттың өз тілінде сөйлеуге, салт-дәстүрін ұстануға еркіндік берілген. Өзім де өзбек мектебінде оқыдым, өзбек тілінде білім алдым. Университетте қазақша оқыдым. Десе де өзге ұлт тарапынан қысым көрген емеспін. Қазақ халқының әдет-ғұрпын құрметтеймін. Олардың арасында өзіміз әдетке айналдырғандарымыз да бар. Атап айтқанда, асар, көрісу деген әдет-ғұрыптарды ұстанамыз. Көктемнің алғашқы әрі маңызды мерекелерінің бірі Наурызды да ел болып, отбасы болып тойлаймыз. Қазақ халқының көкпар тартып, ұлттық ойындарын дәріптеуі де ерекше. Біз қазақ халқының құндылықтарын, салт-дәстүрін, ұлттық тағамдары мен ойындарын бағалап, құрметтейміз. Сондай-ақ барша қазақстандықтарға алғыс айтамыз. Біз отбасымызбен бешбармақ, наурыз көже сияқты қазақтың ұлттық тағамдарын сүйсініп жейміз”, – дейді ол.

“Мемлекеттік тілді дамыту жолында қызмет етіп келеміз”

Осы тұста ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның ішіндегі ұйымдардың қызметі жайлы баяндады.

“Ассамблеяда өзіміздің ұлттық мәдение орталықтарымыз бар. Өзбек Этномәдени Бірлестігі жастар қанатында төрағалық етемін. Жастармен сұхбат жүргіземіз, дөңгелек үстелдер ұйымдастырамыз. Қалалық және республикалық іс-шараларға қатысамыз. Ұлтаралық ынтмақтастықты нығайту мақсатында көптеген шаралар өткіземіз. Басқа ұлт өкілдерімен үнемі тығыз байланыстамыз. Олардың да салт-дәстүрлеріне құрмет көрсетеміз. Бәрімізді біріктірген Қазақстан және қазақ тілі болғандықтан мемлекеттік тілді дамыту жолында қызмет етіп келеміз”, – дейді орталық төрағасы.

Айтуынша, ұйымның басты мақсаты – жастарды тәрбиелеу және оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, ұлтаралық ынтмақтастықты нығайту, елге, Отанға қызмет ету.

Қазақ халқына алғыс

Шохмурод Анарханұлы сұхбат соңында Қазақстан халқына ерекше алғысын білдірді.

“Барша қазақстандықтарды, 1 наурыз Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Бір-бірімізге алғыс айтудан шаршамайық, бір-біріміздің қадірімізді білейік. Алдымен Отанға алғыс айтамын, елімізге, ата-анамызға, жақындарымыз бен ұжымдағы әріптестеріме алғыс айтамын. Алғыс айту – мәдениет, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын, ізгілік пен құрметтің көрінісі. Бұл мәдениет кез келген қоғамда маңызды рөл атқарады. Себебі алғыс сөздері мейірімділік пен жақсылыққа жетелейді. Жақсылық жасаған, өмірімізде бар адамдарға міндетті түрде алғыс айтуымыз керек. Тәрбие отбасынан басталады. Сол себепті ата-ана балаға алғыс айтуды, ризашылық білдіруді үйрету керек”, – дейді Шохмурод Анарханұлы.