Абсурд саяси істер жайлы

0
79
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда саяси тұтқындардың саны 11 есе өскен. Қазір Қазақстанда 47 саяси тұтқын бар, оның ішінде 30 адам түрмеде, 17 адам тергеу изоляторында отыр.
Көп жағдайда саяси тұтқындар абсурд жаламен сотталып жатады. Қазіргі таңда сол абсурд істердің ең танымалы қатарына Марат Жыланбаев пен Думан Мұхамедкәрімнің кейстері кіруі мүмкін. Жақында ғана Д.Мұхамедкәрімді тағы да бір ай қамауда ұстау жайлы шешім шықты. Осы арқылы ол істің нағыз саяси іс екені тағы бір рет дәлелденді деп ойлаймын. Қазір екі азамат авторитар режимге қарсы саяси көзқарасы мен белсенділігі үшін “экстремист” атанып, сотталуы әбден мүмкін.
Жақын арада абсурд саяси істер осымен шектелмейтіндей көрінеді. Олардың қатарына қосылуға потеницалды тағы бір кейс пайда болып келе жатқан секілді. Ол — кезіндегі “ДВК”-ның негізін қалаушылардың бірі болған, Павлодар облысының экс-әкімі Ғалымжан Жақияновқа қарсы 20 жыл бұрын қозғалған қылмыстық істің қайта қозғалуы.
Informburo бүгін Павлодар облысы бойынша Антикордың осы іске байланысты мәлімдемесін жариялапты (https://informburo.kz/…/antikor-rassleduet-delo-v…). Сайттың хабарлауынша, қылмыстық іс “КНБ”-дан Антикорға өткен. Антикор әзірге Ғ.Жақияновқа қандай айып тағылғанын тергеу жұмысының құпиялығын сақтау үшін заңға сілтеп, айтпапты. Істің мән-жайы алдағы уақытта белгілі болар. Осы орайда мынадай 3 сұрақ туады:
1. Кезінде “КНБ”-ның бақылауында болған іс неге қазір Антикорға жіберілді? Бұл Қаңтар қырғынынан кейін Ақорданың “КНБ”-ға сенімі қайта қалпына келмей, күштік құрылымдар ішінде Антикор доминант акторға айналды деген сөз бе? Айтпақшы, Тоқаев әкімшілігінің қазіргі жетекшісі Олжас Бектенов қазіргі қызметіне дейін Антикорды басқарған. Бұл жай сәйкестік пе?
2. Жыл басында Т.Тохтасынов пен Ғ.Жақиянов арасындағы бизнеске қатысты өзара дау билікшіл сайт арқылы қоғам назарына ұсынылды. Бұл да жай сәйкестік пе?
3. 20 жыл бұрын қозғалған қылмыстық істі жабуға немесе қайта қозғауға авторитар режимде 20 жылдай уақыт болды. Неге дәл қазір, Ғ.Жақиянов қоғамдық өмірде белсенділік таныта бастаған кезде, қайта қозғалып отыр? Бұл да жай сәйкестік пе?
Шынын айтсақ, бейбіт күнде азаматтары оққа ұшып, артынша олардың “әруағы” бірнеше жылға сотталып, патриот азаматтары саяси белсенділігі үшін “экстремист” атанып жатқан елде ештеңеге таңқалмайтын да болдық.