Алматылық таксилерге тықыр таяды ма?

0
217

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде қала тұрғыны такси, көлік мәселесін көтерді деп хабарлайды Democrat. kz. ақпараттық порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Алматыға өзбектің, тәжіктің, қырғыздың, моңғолдың көліктері турист болып келеді да, кейін қалада такси болып кетеді. Қазір Yandex, InDriver арқылы такси болып жүрген мұндай 70 мың көлік бар. Бұл көліктердің бағасы бізде 7 млн теңгеден болса, Тәжікстанда 3 млн теңгеге сатылады. Бұл көліктер бізде бір жыл такси болады, кейін оларды лақтырып тастайды.

Ал біздің азаматтар сол 7 млн теңгеліік көліктің екі жылда ақшасын қайтара алмай, не отбасын асырай алмай, не кредитін жаба алмай жүреді. Осыны ескересіздер ме? Салық комитеті бар, құқық қорғау органдары бар, осыны қалай шешуге болады», — деген сұрақ қойды қала тұрғыны.

Алматы әкімі Ерболат Досаев қазіргі таңда Көлік министрлігі жаңа нормаларды қарап жатқанын айтты.

«Алматыда такси мәселесі үлкен мәселе. Менің жеке ойым — таксиге лицензия керек. Лицензия болса бізде кім жүргенін, қалай жүргенін түсінеміз. Yandex, InDriver дегендер агрегаторлар. Олар бұрынғы диспетчерлік пункттер сияқты. Оларға өтініш түседі, олар оны ары қарай жібереді..

Такси деген көлік қой. Оған нормалар керек. Ол қандай болуы керек, оған қалай мониторинг жасау керек және тағы басқа. Көлік министрлігіне бұл мәселелер бойынша ұсыныстар түскен. Қазір министрлік оларды зерттеп жатыр. Айту керек, Алматыда тек қала емес, көрші Алматы облысынан көліктер ағылып келеді.

Күн сайын таңертең қалаға 400 мың көлік кіреді. Жыл соңына дейін тиісті заңнамалық өзгерістер қабылданса, аталған мәселелер шешімін табады деп сенемін», — деді Ерболат Досаев.