Бишімбаевтың сотында ұйықтап қалғандар да болыпты

0
237

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді тікелей эфирде маңызды сұрақтарға жауап берді, — деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Айтбек Амангелдінің сөзінше, бұл іске қатысты тергеу сапалы әрі ешқандай заң бұзусыз өткен.

«Көп адам алқа билер сотына қатысты наразы болып жатқанын білемін. Бірақ оған ешкім қарсы шыға алмайды, себебі бұл оның (Бишімбаевтың) конституциялық құқығы», — дейді Айтбек Амангелді.

Айтбек Амангелді сот отырысы өткен екі күн стреске толы болғанын айтады.

«Шынымды айтсам, қобалжыдым. Тіпті маған сөз берген кезде де қобалжыдым, бұл сот отырысы ғой, бұған дейін ондай нәрсеге тап болмадым. Бүгін қатты уайымдадым. Судья шешім шығарған кезде езуімді жия алмадым. Себебі бұл ең алдымен әділ шешім болды. Себебі олар тергеу материалдарынан видеоларды, суреттерді, хаттарды алып тастау арқылы істі құрдымға кетірмек болды.

Бірінші күні отырыста жай ғана бапты айта салуға болатын еді, оның орнына олар бірнеше сағат бойы әр бапты оқып, артынан екінші айыпталушы орысша жақсы түсінсе де оны қазақ тіліне аударып отырды. Арнайы қазақ тіліне аударып жатқан кезде екінші айыпталушы ұйықтап та кеткен. Бәрі екі сағатта өтіп кетудің орнына екі күнге созылып кетті.

Тіпті не айтарымды да білмеймін. Бұл тек басы ғана, бізге босаңсуға болмайды. Алда әлі басты сот отырысы бар», — дейді Айтбек Амангелді.

Фото ашық дереккөзден алынды.