Тоқаевпен кездесуде блогердің іші пысыпты
Мемлекет басшысы Наурыз мерекесі қарсаңында елімізге белгілі отандық шоу-бизнес өкілдері және блогерлермен кездесті. Бұл туралы Democrat.kz ақпараттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиын EXPO халықаралық көрме ғимаратында өтті. Шақырылған қонақтар арасында продюсер Ерболат Беделхан, әнші Тұрар Ыдырыс және Назима бар.
“Президентпен кездесуді мен ғана түсіріп жүрмін. Отыратын жерге әркімнің аты-жөні жазылыпты. Мемлекет басшысын күтіп тұрмыз”, – деп жазды NNN лақап атымен танылған блогер Нұрдәулет.
Жиынды жүргізген модератор, актриса – Құралай Анарбекова.
Мемлекет басшысына: “Жұмысыңыздың көптігіне қарамастан, бізбен кездескеніңізге рақмет! Жалғасын табуын тілейміз!”, – деп алғыс білдірді актриса.
Блогерлердің айтуынша, президент еліміздегі музыка, дизайн, кино, киберспортты қолдайтынын жеткізген. Алайда президентке сұрақ қойып үлгермеген блогерлер де бар болып шықты.
“3 күн жаттаған сұрағымды қоя алмадым. Уақыт аз деді”, – деп өкінді Садраддин. “Ішім пысып кетті. Мұндай жерде жүрмегесін, бәрін бүлдіріп алатын сияқтымын. Алматыға қайта беремін-ау”, – деп әзілдеді Тұрар Ыдырыс.
Жиын соңында мемлекет басшысы қатысушыларға табыс тілеп, сыйлық үлестірді.
Фото ашық дереккөзден алынды.