«Біздегі ажырасулар ашкөз әйелдердің кесірінен болып жатыр»
Democrat.kz ақпараттық порталында “Мен не үшін ажырастым?” атты мақала жарияланған болатын. Осы мақалаға қатысты редакциямызға хабарласқан алматылық жігіт ағасы отбасылық ажырасуға әйелдердің ашкөздігі кінәлі дейді.
Өзін Нұрсұлтан Шәкірұлы деп таныстырған оқырманымыз өз басынан өткен оқиғаны жасырмай айтып, “әйел атаулыдан қорқамын” дейді. “Үш рет үйленіп, ажырастым. Сенесіз бе, үш әйелім де дүниеге тоймайтын, ашкөз шықты.
Олардан бөлек, танысып, араласқан басқа қыз-келіншектер де дәл солай. Ақша, алтын, дүние-мүліктен басқа ештеңе ойламайтын әйелдер айналамызда қаптап жүр. Таңнан кешке дейін бас көтермей жұмыс істеп, ел қатарлы ақша табамын.
Басымда өз үйім жоқ болса да, қаладағы тәуір деген пәтерді жалдап тұрдық. Әке-шешем, бүкіл туыстарым алыста, ауылда. Үш әйелімнің де жақындарым мазасын алған емес. Алайда үш әйелім де “көп ақша таппайсың. Өз үйің жоқ.
Анау жоқ, мынау жоқ” деген себептермен менің мазамды алып, миымды шірітті десем болады. Ұрыс-керістен әбден шаршағаным сондай, үшінші рет ата-анамның жақсы танитын адамының ең жуас деген қызына үйлендім. Ашкөз, дүниеқоңыз әйелге дауа жоқ екен.
Жуас деген қыз да “ақша” дегеннен басқаны айтпайтын болып шықты. Қазір үш әйелімде кеткен үш балама уақытылы алиментін төлеп жатырмын. Әлі де үшеуі үш жақтан алименттен басқа ақша сұрап мазалауын қоймайды.
Күйеуі тапқан табысты үнемдеп жұмсап, үйінің берекесін ұстап отыратын әйел бар дегенге сенбеймін. Себебі қазір бүкіл әйел атаулыға ақшадан басқа ештеңе керек емес. Қазақстандағы барлық ажырасулар ақымақ, ашкөз әйелдердің кесірінен болып жатыр деп ойлаймын”,- дейді Нұрсұлтан Шәкірұлы.
Қазақстандағы бүкіл ажырасу жағдайларына әйелдер кінәлі деген пікірмен келісесіз бе? Пікір білдіріп, ойыңызды ортаға салыңыз, оқырман.
Самал МӘДИ,
Democrat.kz.
Фото ашық дереккөзден алынды.