Су тасқынының алдын алуға болады, егер…

0
285

Еліміздің бірнеше аймақтарында болып жатқан су тасқынына орай журналист Шыңғыс Мұқан өз пікірін білдіріп, әлеуметтік желіде ұсынысын ортаға салды деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы.

“Судың тасығанын ең бірінші және соңғы рет Орал қаласында көрдім. Ол кезде БҚО-да жұмыс істеймін. Сонда да “қар тез еріп кетіп, қырдың суы Деркөлге құйылды” деген себеп айтылған болатын.

Одан бері Қазақстанның біресе ана жерін, біресе мына жерін, жыл аралатып басып жатады”,- деп еске алған Шыңғыс Мұқан мұндай жағдайда ең бірінші қиналатын халық екенін тілге тиек етеді. Осыған орай мәселені жүйелі түрде шешу үшін ол төмендегідей ұсыныстарымен бөлісті.

  1. Су басу қауіпі бар жерлерге жер телімін бермеу. Тиісті органдарда тарихи ақпарат бар. Су басу қауіпі бар жерлерді алдын ала бекітіп, қамдануға болады.
  2. Ғылыми-зерттеу институтын құрып, болжау жұмысын күшейту. Қанша жауын шашын түскені белгілі, күннің жылу динамикасы кемі 30 күн бұрын белгілі. Демек қай жерлерді су басу қауіпі жоғары екенін алдын ала болжап отыруға болады. Бұл мәліметті пайдаланып, халықты алдын ала эвакуциялауға болады.

Теңіз бен мұхиттың жағалауында тұратын елдер тайфун бола қалса, елдің барлығы теледидардан жақындап келе жатқан құйынды бақылап отырады. Оны зерттеп, халықты хабарландыратын талай қызмет жұмыс істейді.

  1. Сақтандыру жүйесін күшейту керек. Көрде тұрыңыз, күні ертең өкімет бастап, “Аманат” қостап, үйі қираған халыққа жылу жинаймыз, әкімдерге бірнеше үй салуды жүктейді, әкімдер кәсіпкерлерге жүктейді.

Кез келген төтенше жағдайда салмақ салық төлеушілерге немесе кәсіпкерлерге түспеуге тиіс. Адамзат осындайдың салдарымен күресу үшін “сақтандыру” деп аталатын жүйе ойлап тапқан.

Қорыта айтсақ, мұның барлығы жиі туындайтын мәселені шешудің жүйелі жолы қарастырылмағаннан”,- деп жазады журналист.

Сондай-ақ ол: “Ұлу жылында су астында қалған ағайынға сабыр берсін! Бастысы бас аман, төңірек түгел болсын! Ел-жұрт бар, мал-мүліктің орны толар”,-деген тілегін білдірді.

Фото ашық дереккөзден алынды.