Орынборда көпқабатты үйлерді су басуда
Орынбор қаласында көпқабатты үйлерді су басып жатыр. Өңір арқылы өтетін Жайық өзенінің деңгейі 11 метрден асып кетті деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл қауіпті межеден 2 метрге көп. Қорған облысында Тобыл өзенінің деңгейі де көтеріліп жатыр. Мамандар: «бұлай жалғаса берсе, 2 күннен кейін өңірдегі жағдай ушыға түсуі мүмкін», – деген болжам айтып отыр. Қорған облысының билігі тұрғындарды алдағы 2-3 күнде үлкен сынақ күтіп тұрғанын ескертеді. Ал Орынбор тасқыны бүгін-ертең шарықтау шегіне жетеді деп күтіліп отыр..
Су көпқабатты үйлерге кіре бастады Орынбор қаласында тасқын бүгін-ертең шарықтау шегіне жетуі тиіс. Кейінгі тәулікте мұнда су деңгейі тағы 69 сантимерге көтеріліп, қазір бір метрден асады. Ал өңір арқылы өтетін Жайық өзенінің дейгейі 11 метрден асқан. Бұған дейін су қаладағы жеке үйлерге ғана кірсе, енді көпқабатты үйлердің бірінші қабатын басқан.
Шаһарда эвакуация әлі жалғасып жатыр. Жалпы Орынбор облысы бойынша 13 мыңдай үй бүлінген. Жергілікті биліктің алдын ала есептеуінше, өңірге тасқыннан 40 миллиард рубль шығын келген. 250-ден аса адам медициналық көмекке жүгінген.
Аймақта лас судан жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін жаппай эвакуация жүріп жатыр. Онымен мобильді бригадалар айналысып жатыр. Светлана Сударева, клиника директоры: — Біздің клиниканы су басты. Абырой болғанда, дер кезінде шешім қабылдап, науқастарды қайтардық. Қабылдауды тоқтаттық. Қызметкерлерді де үйлеріне жіберіп, электр энергиясы ажыратылды. Техника мен жиһазды жоғарғы қабаттарға апарып қойдық- дейді.
Фото ашық дереккөзден алынды.