“Дала Қырандары” су тасқынында ең қажетті не керегін атап көрсетті

0
162

Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер демекші биылғы көктем ерлер мен еріктілер үшін оңай болмай тұр. Еліміздің көп өңірін су басқалы бері ерлеріміз белуардан су кешіп, көмекке білек сыбана кірісіп жүр.

Солардың бірі «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері. «Qasqa Jol» ютуб-арнасы өзінің кезекті бөлімін дәл осы бірлестіктің жігіттеріне арнады. Мерей Ақшалов, Асхат Ділмұхамедов, Нұрхат Ораш бастаған үйлестірушілер су тасқынына қатысты біраз мәселенің түйінін тарқатты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Сөздің басын Бейжін Олимпаиадсының қатысушысы Мерей Ақшалов бастады.

«Су тасқыны кезінде Қояндыға бардым. Мен барған уақытта қар енді еріп жатты. Еріген қар суы үйге кірмесе де аумақтарды алып жатыр екен. Сол қарды аршыдық».

Мерейдің сөзін «Дала қырандары» бірлестігінің үйлестірушісі Нұрхат Ораш жалғады. Айтуынша, басында Қояндыға көмекке барған жігіттер әрі қарай қол ұшын Жібек Жолы халқына созған.

«Қояндыға барғанда су тізеден келіп жатты. Сол су орталық көшені де басып жатыр. Қыс бойы жалғызбасты және мүгедек қариялар, аналар уақытылы қарды шығара алмай суда қалған. Астанада сол кездері қатты жылыну болды. Қапыл еріген кезде оның бәрі үйлерге кіретін еді. Біз соның алдын алу үшін қолымызға күрек алып Қояндыны қардан тазаладық. Жастарымыз қарды судың кетіп жатқан арнасына тастады. Осының арқасында бірнеше үй су басудан аман қалды. Бұл қырандар үшін де алғашқы тәжірибе болды. Осыдан кейін біз Тайтөбеге бардық. Ол жақта жағдай күрделі еді.

Қапшықпен құм тасуға тура келді. Одан кейін жігіттеріміз Жібек Жолына барды. Осы жерде бізді қуантқан бір жайт бар. Алғашқы күндері өзіміз және жергілікті халық пен әкімдік шапқылаған болса кейіннен мемлекет тарапынан үлкен қолдау болды. Мемлекет төрт жүзге жуық әскер жіберіп, жағдайды назардан тыс қалдырмады».

Осы орайда қол ұшын созып, халықтың жанынан табылған Нұрхат Ораш гуманитарлық көмекке кеңірек тоқталды. Сөзінше керек те, керек емес те дүниелер бар.

«Гуманитарлық көмек – екіжақты нәрсе. Қазір көмек ретінде көптеп азық-түлік барып жатыр. Бірақ оның бәрі халыққа үйлері қалпына келген соң ғана қажет болады. Эвакуациялық пункте отырған халық ұннан нан пісіре алмайды. Біз хардап шеккен өңір халқымен байланыстамыз. Оларға қазір ең керегі – үрмелі қайық. Екінші дүние – балыққа шығатын адамдар киетін резеңке етік. Себебі су деңгейі жоғары.

Үшіншісі – дәрі-дәрмек. Одан кейін құтқару жилеттері және алысты алатын шамдар. Полиэтилен пакеттері де таптырмайтын зат. Олар баррикада жасауға керек. Біз осы заттарды штабта қарастырып жатырмыз. Жігіттер Оралға баратын кезде өздерімен бірге ала кетеді».

Мерей Ақшаловтың айтуынша, қырандардың қатарына қосылғысы келетін әр адамға есік ашық.

«Бізге қосылғысы келетіндерге әрқашан есік ашық. Біз қандай да бір жерге барар алдында видеоүндеу жасаймыз. Гейдар Алиев, 14 көшесінде өз штабымыз бар. Видеоүндеуді көріп келіп жатқан адамдар жоқ емес».

Мерейдің сөзін толықтырған Нұрхаттың айтуынша, олар қатарына қосылған әр адамның қауіпсіздігіне жауапты.

«Кез келген көмек бергісі келетін адам тіркеле алады. Штабта оларды оқытудан өткізеді. Өйткені төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстауды үйренуі керек. Содан кейін барып қана біз ол адамдарды қатарымызға қоса аламыз. Себебі жауапкершілік деген дүние бар.

Бұдан бөлек үйлестіру жұмыстарын жүргізіп, әркім өз орнын белгілеп алды. Біріміз ТЖД-мен байланыста болсақ, біріміз қырандардың келіп-кетуін қамтамасыз етіп отырмыз. Қазір біз жұмыс жүйесін құрып алдық».

Лондон Олимпиадасының қатысушысы Асхат Ділмұхамедовтің сөзінше, қырандар табиғи апат жақын Орал қаласына аттанғалы отыр екен.

«Астананың маңайы біз үшін кішігірім тәжірибе болды. Барлығымызға мәлім Оралға үлкен су келе жатыр. Сол үшін команданың жартысы болып Орал қаласына аттанғалы отырмыз».

Нұрхат Ораш Оралдағы үлкен суға қарсы көмек бара жатқанын айтты. Олардың қатарында ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыз да бар екен.

«Біз әр спорт федерациясына үндеу тастадық. Споршылар болып Орал қаласына барып көмек көрсетейік деген ой айттық. Оны естіген спортшылар өз көмектерін көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Алғашқы 30 адам Астанадан шығады. Оңтүстік аймақтың спортшылары өз күштерімен Оралға барады. Қазір ол жаққа жұмыс күші ауадай қажет».

Фото ашық дереккөзден алынды.