ТЖМ су тасқынына байланысты соңғы мәліметтермен бөлісті

0
103

Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Садықов Қазақстандағы су тасқынына қатысты соңғы мәліметтерді айтты. Бұл туралы үкімет Telegram-дағы арнасында хабарлады.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта Атырау, Батыс, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасуда. Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне ағызған судың салдарынан батыста жағдай күрделене түсті, ал солтүстікте су Ақмола облысынан келіп жатыр.

Ал Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеуде. Бұл өңірлердегі елді мекендерді су басу қаупі жоқ. «Төтенше жағдай аймақтарындағы елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мәселелері жедел шешілуде.

Бұл ауыз суды жеткізуге, энергиямен жабдықтауды және көлік байланысын қалпына келтіруге қатысты.Су тасқынын жою жұмыстары басталғаннан бері шамамен 11,6 миллион текше метр су сорылып, 5 миллионнан астам құм қапшық төселді», — деді вице-министр.

Сонымен қатар ТЖМ өкілі су тасқынын жоюға 32 мыңнан астам адам, 5 мыңға жуық техника, 310 жүзу құралдары мен 13 тікұшақ қатысып жатқанын айтты. «10 өңірге авариялық және шұғыл жұмыстарды үздіксіз жүргізу үшін көптеген арнайы техникалар мен басқа да мүліктер жедел броннан шығарылды.

Олар мен қосымша күштер Қазақстан темір жолы арқылы өңірлерге уақтылы жеткізілді. Қазір кейбір күштер өз аймақтарына оралуда. ТЖМ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су басу қаупін азайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, су қоймаларын тәулік бойы бақылауды жалғастыруда», — делінген хабарда.

Фото ашық дереккөзден алынды.