Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет

0
114

Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз. Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды” деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында .

«Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтсақ, халық арасында жалған мәлімет таратады. Сондықтан бәріміз кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенуіміз қажет – деді Мемлекет басшысы.

Жұртымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте қайсарлық танытып, ынтымағын сақтай білген. Жанашырлық, тілеулестік сияқты адами қасиеттерді бәрінен биік қойған. Біз тарихтың тағы бір сынағынан өтіп жатырмыз. Бірнеше апта бойы халқымыздың бірлігі мен табандылығы және теңдессіз табиғат апатын абыроймен еңсеру қабілеті сынға түсуде.

Кез келген дағдарыс біз үшін сынақ қана емес. Ол әрқайсымыздың бойымызда бұғып жатқан күш-қуатымыз бен қарым-қабілетімізді ашып, тың мүмкіндіктер береді. Еліміздің өркендеуіне кедергі келтіретін нәрсенің бәрі, ерте ме, кеш пе, тарих қойнауына еніп, келмеске кетеді.

Ендеше, қазіргі табиғат апаты байбаламға салып, өмірден түңілетіндей нәрсе емес. Өсіп-өркендеу жолында түрлі кедергі кездеседі. Бірақ оның артынан жақсылық келеді. Бұл алапат тасқын біз үшін жалған жетістікке алданып, «зая кеткен кезеңнен» ажырайтын жолайрық болуға тиіс – деді Президент.

Қазақта «Алпыс күн тасыған дария, алты күнде қайтады» деген сөз бар. Көп ұзамай қарғын су кетіп, жұрт күнделікті өмірге оралады. «Әр қиындықтың қайыры бар» дейді халқымыз. Біріншіден, тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті.

Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінді. Екіншіден, елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмайтыны анық.

Дегенмен, мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер болады – деді Мемлекет басшысы. Тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтереді. Жол салынады, су тартылады. Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады.

Фото ашық дереккөзден алынды.