Оқушыдан ақша жинаған мұғалім жұмыстан қуылды
Жыл сайын оқу жылы бітерде мектепте ақша жинау проблемасы бой көтереді. Жыл сайын “мектепте ақша жиналмасын, жазаланасыз” деп министрден бастап, жергілікті білім бөлімінің өкілдері ескерту жасалады. Алайда өкінішке қарай, жыл сайын әйтеуір бір мектепте ақша жинау туралы шу шығады.
Түркістан облысында да мектепте ақша жинау мәселесі туындап, ақша жинағыш сынып жетекшісі жұмыстан шығарылды. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде Гүлманат Байзакова хабарлады.
Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы мектептің мұғалімі бітіруші сыныбының оқушыларынан 30 000 теңгеден ақша жинаған. Әр оқушыдан 30 000 теңгеден жинаған! Бұл не сұмдық?!
Ата-аналар тиісті орындарға бұл мәселені хабарлап, нәтижесінде мұғалім жұмыстан шығарылған, ал мектеп басшысына қатаң сөгіс берілген. Жиналған ақша кері қайтарылыпты.
Осыған орай Оқу ағарту министрлігі де, кез келген аймақтың жергілікті Білім бөлімі өкілдері де, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері де ата-аналар мен мұғалімдерге мектепте оқушыдан ешқандай ақша жинамауға шақырып, тағы да қайталап ескерту жасады.
“Құрметті ата-ана, (4-9-11 сынып) сіздің балаңыз сіз ақша бермесеңізде мектеп бітіреді, қолына аттестат алады, тест тапсырады. Сол себепті ақша жинап заңсыздыққа жол бермеңіздер!” деп жазады автор.
Өз кезегінде біз де, қазақстандық бүкіл ата-аналарға “балам үшін” деген сауатсыз түсініктен арылып, “мұғалімге құрмет көрсету” деген білімсіз түсінікпен кез келген ақша жинау науқанына қатыспауға шақырамыз.
Сыныптарыңызда әлдебір ақша жинау жұмыстары жүріп жатса, тиісті орындарға хабарласып, заңсыздықтың жолын кесіңіздер. Міне, баласы үшін сауатты ата-ананың жасауға тиіс қадамы осылай болмақ.
Әлия БОЛАТҚЫЗЫ, Democrat.kz.
Фото ашық дереккөзден алынды.