Осыдан кейін қазақ тілі қалай дамысын?

0
1238

Facebook әлеуметтік желісінде сауатты, тәжірибелі, білікті мұғалім Ақмарал Шатемірқызы бірнеше уақыттан бері еліміздегі бірнеше облыс, қалаларындағы мектеп санын анықтап, олардың қаншасы мемлекеттік тілде екенін жариялады деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің және Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атына жолданған осы үндеуінде Ақмарал Шатемірқызы мемлекеттік маңызды мәселені көтеріп отыр.

Төменде Ақмарал Шатемірқызының жазбасын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Неге оқушыларымыз қазақ тілінде сөйлемейді, қазақ тілі мұғалімдері соншама әлсіз бе еді, кез келген ортада орыс тілінде сөйлейді, неге құжаттар тілі орыс тілінде» деген сұрақтар қатты мазалаушы еді! Осы сұрақтың жауабын іздеп, Фейзбук парақшасында оқыту тілі қазақ тілі, қазақ тілінде білім беретін мектептердің санын анықтау үшін сауалнама жүргіздім.

Жаңа Қазақстанның биліктегі өкілдері: әкімдері мен қалалық білім беру басқармалары мен бөлімдері еститін үкіметке айналды ма деген едім, ол да бос сөз болып шықты. Қазақстан жерінде отырып, қоғамды білім нәрімен сусындатып отырған басшылар қазақ тілінің өзекті мәселесіне селт етпейді екен.

Қарапайым бір мұғалімнің сұрағына жауап беру міндетім емес деген болар?! Немесе есеп беруге қысылды ма екен?! Әлде қазақ тілін жоспарлы түрде жоюға арналған мемлекеттік құпия ма еді?! Еститін Қазақстан деп айта алмаймын.

Менің іс-әрекетімнен ұлтараздық іліктер іздеп отырғандарға мақсатымды да айтып өтейін: Тәуелсіз Қазақстандағы таза қазақ тілді мектептердің санын білу арқылы білім алушылардың тілінің шұбарланып, қоғамдағы қазақ тілінің құлдырау себептерін анықтау. Себептерін зерттеу, анықтау арқылы Қазақ тілінің қолдану кеңістігін күшейтуге атсалысу.

Жоғарыдағыларға қазақ тілінің ұлан-ғайыр істердің көлеңкесінде қалып қоймай, алпауыт тілдермен жұтылып кетпесі үшін талаптар ұсыну. Қазақ тілінің тарихи Отанында өмір сүріп отырмыз. Иә, кез келген тіл маңызды! Испан тілі, жапон тілі, қытай тілі, түрік, поляк, өзбек, т.б.кез келген тіл. Қазақ тілінің тарихи Отанында қазақ тілі маңызды!

Сонымен фейзбук желісіндегі сауалнама мүлдем көңіл көншітпеді. Назар аударыңыздар.

  1. Алматыдағы барлық мектептер саны — 215.

Оның ішінде:

Таза қазақ тілді мектеп — 76 мектеп;

Орыс тілді мектептер саны — 59 мектеп;

Аралас — 77 мектеп;

Ұйғыр тілді — 3 мектеп.

Яғни, Алматы қаласында мемлекеттік қазақ тілді мектептер жалпы мемлекеттік мектептердің 35%-ын ғана құрайды.

  1. Жетісу облысы білім басқармасының Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі келесіні хабарлайды:

6 мектеп – таза қазақ тілді;

22 мектеп – аралас (біреуі кешкі мектеп).

Яғни таза қазақ тілді мектеп мемлекеттік мектептердің 21 %-ын ғана құрайды.

  1. Өскеменде 48 мемлекеттік білім беретін мектеп бар:

12 мектеп – қазақ тілді;

20 мектеп – аралас;

16 мектеп – орыс мектебі;

Қалада қазақ ұлтының үлес салмағы 52 пайызды құрағанымен, білім ошақтары теңеспей тұр.

Яғни таза қазақ тілді мектеп мемлекеттік мектептердің 25 %-ын ғана құрайды.

  1. Талғар ауданы бойынша 42 жалпы білім беретін орта мектеп бар:

13 мектеп – қазақ;

2 мектеп – орыс;

27 мектеп – аралаc.

Яғни таза қазақ тілді мектеп мемлекеттік мектептердің 30 %-ын ғана құрайды.

  1. Талғар қаласында 10 мектеп жұмыс істейді:

4 мектеп (№2,7,9,49) таза қазақ;

2 мектеп (№3, №4) таза орыс;

4 мектеп (№1, №5, №6, №8 ) аралас.

Яғни таза қазақ тілді мектеп мемлекеттік мектептердің 40 %-ын ғана құрайды.

  1. Шымкент қаласы Білім басқармасынан:

Жалпы мемлекеттік мектеп саны 150.

Оның ішінде:

60 мектеп – қазақ тілді;

57 мектеп – қазақ-орыс тілді;

20 мектеп – қазақ-орыс-өзбек тілді;

13 мектеп – қазақ-өзбек тілді.

яғни мемлекеттік тілдегі мектеп 40%-ын ғана құрайды.

  1. Түркістан облысы Сайрам ауданы

74 мектептің 24-і ғана таза қазақ тілді.

Яғни таза қазақ тілді мектеп мемлекеттік мектептердің 32 %-ын ғана құрайды.

  1. Семей қаласының білім бөлімі хабарлайды:

Семей қаласында 68 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, оның ішінде: 27 мектеп – қазақ тілінде оқытатын;

36 мектеп – аралас тілде оқытатын;

5 мектеп – орыс тілінде оқытатын мектеп.

Яғни таза қазақ тілді мектеп мемлекеттік мектептердің 39 %-ын ғана құрайды.

  1. Өскеменде 48 мемлекеттік мектеп бар, 12-сі ғана қазақ тілді.

Яғни таза қазақ тілді мектеп мемлекеттік мектептердің 25 %-ын ғана құрайды.

  1. Рудный қаласында 21 мемлекеттік мектеп бар, 3-еуі таза қазақ тілді және таза қазақ тілді балабақша біреу ғана.

Яғни таза қазақ тілді мектеп мемлекеттік мектептердің 12,5 %-ын ғана құрайды.

  1. Риддер қаласында соңғы қазақ мектебі жабылып, уәделескен жаңа мектеп қазақ емес, аралас болып ашылған. Бірде-бір қазақ мектебі жоқ
  2. Байқоңыр қаласында 12 мектеп болса, соның 5-еуі қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді екен. Сонда 7-еуі қай стандартпен?
  3. Қызылорда қаласында 65 мемлекеттік мектеп бар:

52 мектеп – қазақ;

1 мектеп – орыс;

12 мектеп – аралас.

Яғни таза қазақ тілді мектеп мемлекеттік мектептердің 80%-ын құрайды.

  1. Орал қаласы білім бөлімінен:

Жалпы мемлекеттік мектептер 50.

Оның ішінде:

25 мектеп —таза қазақ тілді;

1 мектеп — орыс тілді;

24 мектеп — аралас.

Берілген есептер көңіл көншітпейді. Қазақстан Республикасының Ата Заңының 7-бап.1-тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттің тіліміздің халі осындай.

Нәтижесіне қарап Білім басқармаларына (білім бөлімдеріне) бәрібір (Қызылорда қаласынын басқа), қандай нұсқау берсе, солай жұта береді. Қазақ тілді мектептердің саны азайып кетті, не қылмақ керек деп шырылдағанын көрмедік.

Мен жоғарыда келтірген деректер мемлекеттік мектептер бойынша, жекеменшік емес. Былтыр бір жас ата-ана хабарласып, кішкентайларын жекеменшік қазақша мектепке берейік деп, мектеп іздеп жүрміз деп сұрағанда, қатты намыстандым. Алматыда 1-сыныптан қабылдайтын бірде-бір таза қазақ тілді мектеп жоқ, бәрі орыс тілді немесе аралас.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөздер еріксіз тіліңе оралады.

Тәуелсіз Қазақстан: Шегарасы айқын, Туы, Мемлекеттік тілі бар, бірақ сөзде бар, істе жоқ! Де-юре, де-факто.

Тіл туралы Заң. 4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi

«Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы». Әдемі жазып қоямыз да, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызын білуге жағдай жасамаймыз?!

Ата Заңымыздағы мемлекеттік тіл де сөз жүзінде ғана болғаны ма?

ҰСЫНЫС:

  • ҚР «Ата Заңының» 7-бабының 2-тармағында және Қазақстан Республикасының «Тiл туралы заңындағы 5-бабында жазылған: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген мәтінді алып тастаңыздар.
  • Ал білім алушылардың мемлекеттік тілге мойнын бұрғызу үшін мектеп бітірушілерге арналған ұлттық біліктілік тестілеу емтихандарын, оқыту тіліне қарамай, тек мемлекеттік тілде өткізу керек.
  • Қазақ тілді мектептердің үлесі жағынан жалпы

мектептердің 70%-ын құрамай, өзге тілді мектептер салуды тоқтату.

  • Әлем мойындаған латын жазуына көшу.

Көрші мемлекеттер жайлы бірер сөз.

Ресейде қазақтардың саны 2000000-нан көп болса да, бірде бір қазақ мектебі түгілі, қазақ сыныбы жоқ. Қытайда қазақ мектептері жабылған. Яғни ол елдердің билігі өз халқына қызмет етіп отыр. Біздің биліктегілер мемлекеттік тіл ортақ тілге айналады, қазақ қазақпен қазақша сөйлесін десе, бөркімізді аспанға атып қуанамыз. Іс жүзінде…

Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады деген. Ұлан байтақ, әлемде 9-орын алатын жердің иесі бола отырып, өз елімізге, тілімізге адал қызмет етпеу – құндылыққа жатпайды.

Кері байланысқа шыққан Талдықорған қалалық білім бөліміне, Семей қалалық білім бөліміне, Шымкент қалалық білім бөліміне және қоғамның белсенді азаматтарына алғысым шексіз! Рақмет!

Ал еститін үкіметтің естімейтін Білім бөлімдері, өкінішті, мен еріккеннен көз майымды тауысып, фейзбук парақшасына тесіліп отырған жан емеспін. Ал өз халқыңызға деген немқұрайлылық көшбасшылық қасиетке сай емес!

P.S. Жекеме келген жазбаларда елімізде мектеп ішіндегі мәселелер азаяр емес, шешілмеген көптеген сұрақтар бар.

Құрметпен, мұғалім, педагог-шебер

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Ақмарал Шатемірқызы 

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.