Жеке меншік мектеп қажет пе?

0
1075

Елімізде дәл қазіргі таңда 691 жеке меншік мектеп бар. Бұл мектептердің 70% соңғы үш жылда ашылды. Дәл осы қарқынмен беттесе, алдағы үш жылда елдегі жеке меншік мектептердің саны 2000 ға жақындайды деп ойлаймын.

Бұл дұрыс па?

Елімізге жеке меншік мектеп керек пе?

Жауап. Керек.

Себебі. Біріншіден, елімізде әлемдік деңгейде баршамыз армандағандай (Сингапур, Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония тағы басқа дамыған елдер) білім сапасы болу үшін мектептер толық бір ауысымды болуы, әр сыныпта 24 оқушыдан аспауы, материалдық жағыдайы заманауи һәм толық болу қажет.

Ал, мемлекет 30 жылда үш ауысымды және апатты мектептер жағдайын шеше алмады. Ал, қазір демографиялық өсім уақыты мектепке келді. Алдағы оқу жылында еліміздегі оқушы саны 4 миллионнан асады.

Енді мемлекет өзі 359 емес 3590 жайлы мектеп салса да, үш ауысымды мектеп пен апатты мектептерді жуық арада жоя алмайтыны анық.

Онда, үш ауысымдылық пен апатты мектептен құтылудың, заманауи бәсекеге қабілетті мектептердің қатарын көбейтудің жалғыз жолы жеке меншік мектептерді дамыту. Білім саласына инвестиция салатын адамдарды көбейту.

Екіншіден. Мектептің жеке меншік болуына қарсы адамдар көп. Түсінем, диплом сатқан жеке меншік университеттердің кесірінен жеке меншік оқу орындарынан қорқамыз. Бірақ, еліміздегі ең мықты университеттердің де жеке меншік екенін ұмытпаған жөн. Мысалы. SDU. MNU. MIU.

Бұдан айтарым, сапа ол меншікке байланысты емес. Сапа ол менеджментке байланысты.

Үшіншіден. Қазір жоғары білім, орта білім бізде емес, әлемдегі ең үлкен нарыққа айналды. Дәл қазір еліміздің білім нарығына да шетелдік компаниялар мен шетелдік тұлғалар жаппай кіріп жатыр. Әлемдік нарықтағы ойыншы мектептер Қазақстаннан өз мектептерінің филиалын ашып жатыр.

Астана, Алматы қалаларындағы ағылшын, үнді, неміс, француз, испан, италиян, корей мектептері, әр өңірден ашылып жатқан орыс мектептері соның дәлелі.

Бұл белгілі деңгейде болашақтың мәселесі. Ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Егер бұл саладағы нарықты шетелдік заңды тұлғалар иеленсе онда жаппай өзге тілді мектептер қаптай береді. (Астанадағы 66 жеке меншік мектептің бесеуі ғана қазақша).

Ол кезде аралас мектеп дауы да, шуы да ойнамай қалады.

Енді не істемек керек?

  1. Еліміздегі мемлекеттік тілде (таза қазақ тілінде) оқытатын мектептерді жан-жақты қолдау керек.
  2. Еліміздегі білім саласына инвестиция салатын адамдарды барынша тартып, қазақ тілді білім кеңістігін жан-жақты дамытуға барынша күш тартуымыз керек.

Өкініштісі, бүгінде жүздеген әр түрлі идеологиядағы, өзге тілді мектептермен емес, біз секілді таза қазақ мектебін ашып жүргендермен, ұлттық мектеп идеясымен алысқысы келетін адамдар тым көп. Тіпті, әлеуметтік желіде де, былай да біз секілді қауымдарға үдіре шабуылдап отыратын қауым көп.

Мектеп елдің, болашақтың мәселесі. Бұған бейжай қарауға болмайды.

Сіз қалай ойлайсыз?

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,

Facebook жазбасы.

Фото ашық дереккөзден алынды.