Шенеуніктердің тойлары қалай өтеді?

0
211

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев мерейтойын дүркіретіп атап өткен экс-депутаттың әрекетіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, бір шетінен экс-депутат Мақсат раманқұлов мерейтойын қалай, кіммен, қанша ақша жұмсап тойлауға да оның құқығы бар.

«Ал бір шетінен елде су тасқыны болып, халық қиналып, 5 мың теңге таба алмай отырған кезде, миллиондаған қаржы жұмсап той жасап жатқаны – құрметсіздік. «Мен дәулеттімін, қалауымша тойлаймын, онда шаруаларың болмасын» дегендей. Түлектерге мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға тыйым салынған.

Ал бұрынғы депутат осылай тойлап отыр. Ол экс-депутат болса да мерейтойға қазіргі депутаттар келді ғой. Қателеспесем ол жерде жоғары шенді адамдар да болған. Қысқаша айтқанда, халық қиналып отыр, ал олар тойлап жүр», — дейді саясаттанушы Zona kz youtube-арнасына берген сұхбатында.

Бейсебаев мұндай әрекеттер ескі Қазақстанда қалыпты жағдай болғанын айтады.

«Болат Назарбаев та жүздеген мың долларға алып торт тапсырыс берген болатын. Немесе бір облыстың полиция басшысы да дүркіретіп тойлап, оған жылқы сыйлаған кез де болған. Мұндай мысалдар көп. Білімді, тәрбиелі адам бұлай істемес еді», — дейді саясаттанушы.

Еске салайық, 28 мамырда қазақстандық кәсіпкер, экс-депутат Мақсат Раманқұлов 50 жас мерейтойын дүркіреп атап өткені туралы хабар тараған болатын. Жиынға ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса және Әлихан Бәйменов қонақ болып келген.

Мерейтойда пәтер, автокөлік, саяхат, қымбат ұялы телефондар ұтысқа салынған.

Мақсат Раманқұловтың мерейтойында қазақстандық әншілерден ресейлік эстрада жұлдыздары да өнер көрсеткен.

Кейбір деректер бойынша экс-депутаттың Алматыда өткен мерейтойына 300 адам келген.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.