Орысша тәрбиеленген бала опық жегізбесін
Кеше подъезімізде біздің үстіміздегі 4-ші қабатта тұратын дядя Миша қайтыс болыпты. 45-ші жылғы екен. Өзінен екі жас үлкен кемпірі жалғыз қалды. Ол кісі жүріп-тұра алмайды, дүкендерге барып тамағын әкеле алмайды, аяғы варикоз ба, сондай бірдеңе.
Екі баласы Ресейде. Естуімізше Белгородта тұрады, дальнебойщиктер екен. Бақыттарына қарай осында құдасы бар екен, бір баласының әйелінің атасы, сол барлық хабарға қарық қылды, әйтпесе араласымыз жоқ, олардың тіпті бар-жоғын да көп біле бермейміз.
Кемпірі украинка, ал өзі белгісіз, детдомда өсіпті, шамасы орыс болар? Ақтауда 1968 жылы стройбатта жүріп құрылысқа қатысып, ақыры осында тұрақтап қалыпты. Әлгі құдасы барлық шараларын ұйымдастырып жүр. Балаларына айтқан екен, біреуі келе жатқан сияқты.
Қайсыбір жылдары бұлар Белгородқа, балаларының қасына кетіпті үлкен дүрмек кезінде (орыстар жаппай көшкен 1993-98 жылдар), бірақ ұзақ тұрақтай алмай Қазақстанға қайтып оралыпты. Сыймапты. Абырой болғанда мындағы үйлерін сатып үлгермепті (ол кезде үй көп, қазақтар енді келіп жатқан кез, көшкен орыстар арзанға сатқысы келмейді, қымбат сұрайды, т.с.с.).
Баласы әрине келеді, өйткені кемпірді не қарттар үйіне, не өзімен ала кетіп, мына босаған үйді сатуы керек қой, сол үшін келе жатқаны анық, әйтпесе әке-шешесін аяп келе жатқан жоқ, аяса баяғыда-ақ бір жайлы қылар еді.
Бүгін балабақшаға немеремді апарып отырсам бір бала ботадай боздап жылап отыр — «я не буду помогать маме» дейді. Қасында әкесі отыр ұрсып. Шыдай алмай: «үйде орысша сөйлесесіңдер ме?» — деп сұрадым. «Жоқ, мультфильмнен үйренген» — деді. Әрине өтірік айтып отыр.
Үйде қосымша орысша тәрбиеленбесе, тек мультфильмнен олай жатық орысша сөйлей алмас еді. Қасымызға тәрбиеші келіп, әкесі кеткен соң айтқаны: «Баланы орыс тобына беру керек еді жанын қинамай. Қаншама тақпақ берсем де жаттай алмайды, өлең оқи алмайды, тіпті үйренуге деген құлқы да жоқ. Не істерімді білмеймін, бала мәңгүрт, не орыс емес, не қазақ емес» — деді таусылып.
Күнделікті өмірімде кездесіп отырған екі эпизод. Білмеймін, бір-бірімен қиылыса ма, жоқ па? Ойымнан шықпаған соң жаздым. Жалпы, ұлт болып қала алар ма екенбіз? Осында бір пост көрдім: орыс тілді ұлт — басқа ұлт деген. Орыстың салты жоғарыда, 1-шы бапта жазғанымдай, ал орысша тілі шыққан бала төмендегі 2-ші баптағыдай. Бізге шын қауіп енді төніп келе жатқан жоқ па?
Қуаныш ЕДІЛХАН,
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.