Мұндай мұғалімдерді білім саласынан қуу керек

1
6153

Әлеуметтік желіде мұғалімдердің аттестациядан ақша беріп, сертификат алғаны туралы айтылып бастады. Қай мұғалім, қашан, қай жерде ондай аттестация сертификатын алғаны туралы әзірге нақты дерек жоқ.

Десек те, осындай жазбаға байланысты ұстаздар қауымының жазған пікіріне қарап, аттестация да жемқорлардың жемсауы болғаны ма деген сұрақтың басы қылтияды.

Әлеуметтік желі қолданушы, белсенді азамат Мейрамбек Пазылбеков “Аттестацияны “сатып алған” ұстаздарды құстырып жатыр екен. Сертификаттарының QR коды базада жоқ болып шығыпты. Сондайлар балаға білім береді” деген жазба қалдырды.

Ал осы мәселеге байланысты танымал ұстаз Өмір Шыныбекұлы: “«Ешқашан ешкімнен ештеңе сұрама! Әсіресе, өзіңнен күштілерден сұраушы болма! Өздері бәріне ұсынады, өздері бәрін әкеп береді!» Булгаковты оқымайсыңдар ма, еу, #жалған_педагогтар Сендерді құстыру аз…Оқушыға не үлгі көрсеттіңдер? Сендерді білім саласынан қуу керек.. Сонда ғана оқушыларға нағыз тәлім беріледі…” деп пікір білдірді.

Сонымен қатар, осы жазбаға орай пікір білдірген басқа да мұғалімдер мен қарапайым азаматтар мұғалімнің аттестациядан өз білімімен өткенін анықтап, тексеру керегін айтуда. Алайда білім саласындағы жемқорлыққа батқан осы бір аттестациядан ақшамен өту проблемасына қатысты бүгінге дейін Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев бір ауыз түсінік бермеді.

Естеріңізде болса, Democrat.kz. Ақпараттық порталы мұғалімнің аттестациядан ақша беріп өтетіні туралы бірнеше рет мақала жазды. Сонымен қатар аттестация талаптары бойынша мұғалім өткізуге тиіс авторлық бағдарлама кітапшаларының ашық сатылып жатқанын да арнайы мақала етіп жариялағанбыз.

Өкінішке қарай, тиісті мекемелер назарға алу былай тұрсын, өзі басқарып отырған саладағы былыққа қатысты министрдің де “әу” демеуі көп жайтты растап отырғанын білдірмей ме?

Білім, білігін дәлелдеп, белгілі бір санатқа қол жеткізу үшін өтетін сынағын таныс-тамыр, пара арқылы өткеріп жатса, ондай мұғалімнен қандай жетістік күтесіз? “Сатып алуға” дәніккен мұғалім алдында отырған оқушыға не үйретеді? Қандай білім береді?

Сондай “сатып алғыш” мұғалімдердің кесірінен емес пе, еліміздегі білім сапасының күрт төмендеп кетуі. Сондай арсыз әрекетке барған мұғалімнің “арқасында” сауатсыз ұрпақ қоғамды ластап, білім мен ғылым дамымай отырған жоқ па?

“Қит етсе, мұғалімге тиісесіңдер!” деп жоқ жерден байбалам салып, бажылдап шығатын мұғалім көбейді. Елдің ертеңі — бүгінгі мұғалімнің қолында. Осыны ұқпайтын кей мұғалімдер “шенеуніктерді түзеп алыңдар” деп сандырақтайды.

Сол шенеунікті оқытқан кім? Осы сұрақтың жауабын білмейтін мұғалімдер шағымдануды біледі, сынақтарды сатып алуды біледі. Өкінішке қарай, тұтас елдің тамырына балта шауып жатқанын білетін сауаты жоқ.

Білім саласын сауатсыз мұғалімнен тазалайтын уақыт келді. Аты-жөнін қатесіз жаза алмайтын мұғалімдер “сабақ өтіп, білім беріп” тайраңдап жүр. Білімсіз мұғалім — Қазақстанның ең басты соры. Сондықтан да Оқу ағарту министрі сынақтан ақша беріп өткендерді анықтап, қатаң жаза бермесе, еліміздің ертеңінен ештеңе күтудің қажеті жоқ-ау…

Хақназар САДЫРХАН,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.