Алла күшті ме, Ақорда күшті ме?

0
669

Атыраулық экс-имам Тұрарбек Құсайынов Мысырға барып, Синай тауына өрмелеп шығып, Мұса пайғамбарша Жаратушыға жалбарыныпты.

Жаратушыдан қазақы салт-дәстүрді мансұқтамайтын, мүфтият жарғысына сәйкесетін жаңашыл Бас мүфтиді нәсіп ете гөр деп тілепті.

Рас, Наурызбай Өтпеновтің Бас мүфти лауазымына сәйкеспейтінін, ҚМДБ имамдары Қазақстан заңдарына қайшы әрекет жасап жүргенін дінтанушы Асқар Сабдин секілді білікті дінтанушылар жазудай-ақ жазды, айтудай-ақ айтты.

Қазақтың «Шеше» деген қастерлі ұғымын баласын тастап кете беретін көкек әйелге теңеген де, Домбыраны «харамға» шығарған да молдасымақтар. Сапта тұрған мұсылманды құлаштап ұрып-жығуы, әйелін қызғанған еркектің имамды өлімші етіп пышақтауы, жайнамазды басып өткен бүлдіршінді ұрып құлату оқиғасы секілді неше түрлі сорақылықтың бәрі ҚМДБ мешіттерінде болды.

«Ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ мұсылманның күн сайын 3 мың теңге төлесе парызын өтейтіні», «75 мың теңгеге онлайн құрбандық шалуға болатыны» да дәл осы Наурызбай Өтпеновтің бас мүфтилігі тұсында имамдардың аузымен айтылып жатыр… Осындай келеңсіздіктің бәрі қазақ қоғамында ислам дініне деген жеккөрінішті күшейтті.

Рас, ислам дініне деген халықтың сенімін, құрметін қайта күшейту үшін мүфтиятты түбегейлі реформалау керек, имамдардың діни уағыз бағытындағы саясатын өзгерту қажет. Оның жасауға қазіргі Бас мүфтидің құлқы жоқ. Сондықтан оны басқамен алмастырған дұрыс та шығар. Бірақ, экс-имам Тұрарбек сияқты Мысырға ат арылтып барып, Синайдың құзды жартасына өрмелеп шығып, Жаратушыдан мұсылман қазаққа жаңа бас мүфти тілеу далбаса тірлік.

Тұрарбек бауырым, осы сендер діни санадан қашан арыласыңдар?! Ислам діні дегеніміз Құдай және оның сөзі Құран ғана ғой. Одан бергісінің бәрі – саясат. Осы ҚМДБ-ны құрған Рәтбек қажыны алып тастап, оның орнына Әбсаттар Дербісәліні Назарбаевтың айтуымен идеолог Алтынбек Сәрсенбаев бас мүфти қылғанын біле жүрсең етті…

Наурызбай Өтпенов те Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ықпалымен басшы болғанын молдалар айтып жүр. Қазіргі Бас мүфтидің қайғылы Қаңтар оқиғасы қызған кезде жамағатты тағдырдың қатерлі талқысына тастап, өзі Дубайға ұшып кетіп, Арабияда жатып алғаны есіңнен шықты ма, Тұрарбек?!.

Тұрарбек, мүфтиятты түбегейлі реформа жасағысы келетін экс-имам сен сияқты қиналып Синай тауының ұшар басына шығып Жаратушыдан қол жайып қазаққа реформашыл тұлға сұрап әуре болмайды. Бұл проблеманың оңай жолын айтайын саған. Қазақ қоғамындағы бұл проблема қазақтың топырағында және ішкі саясат тілімен шешіледі.

Ол үшін мүфтиятты түбегейлі реформа жасау жөнінде петиция жарияла. Сол петицияны 50 мың қазақстандық қолдаса, онда үкіметтің діни салаға жауапты органдары ҚМДБ-ны өз ішінен реформалауына мәжбүрлейді. Әрине, діни реформа жасайтын білікті кадр керек.

Ондай білікті кадр Қазақстанда жеткілікті. Егер реформашыл бас мүфти керек болса, онда плакатқа «Наурызбай қажы кетсін…» деген сөз жазып Ақорданың алдына барып бір адамдық наразылық акциясын өткізуге заң бойынша қақың бар.

Синайдың үстінде тұрып айтқан тілегіңнен гөрі Есілдің жағасында тұрып айтқан сөзің өтімді болады. Бастысы – Ақорданың саяси шешімге келуі. Бас мүфтиді ауыстыру мәселесінің түйінін о бастан Ақорда шешкен. Қазір де Ақорда шешеді деп ойлаймын.

Менікі болжам ғой… Анығын Ақорда біледі..

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.