Қарттар үйіндегі қилы тағдырлар
Қазақстанда қарттар үйі неге қаптап кетті? Қариялардың шаңырағынан безінуіне балалары кінәлі ме, әлде өздері ме? Қарттар үйін паналағандардың бәрінің тағдыры қиын ба?
Әлде мұндай мекемеге немере бағудан қашып келетіндер бар ма? Қарттар өз бағасын жоғалтты ма, әлде қоғамның санасы өзгерді ме? Осы және өзге де маңызды сауалдарды YouTube AIRAN арнасы сарапшылармен талқылапты.
Бағдарламада түрлі кейіпкерлердің қилы тағдырлары баяндалады. Жүзін әжіммен қатар мұң торлаған қариялардың бірі келінінен жапа шеккенін айтса, енді бірі алаяқтарға алданып, үйсіз далада қалғанын айтады.
«Балалардың өмір сүруіне кедергі келтірмеу үшін осында кеттім. Келін маған қарай ма, балаларына қарай ма?” деген 83 жастағы Әлжапар Ауталиев өзі аты суық “Қарттар үйінде” отырып, баласының жайлы өмір сүруіне тілеулес.
87 жастағы Күлбаран Шәкенованы бауырына басқан баласы тастап кеткен. “Мен баламды жылап жүріп бағып едім. Қойныма бөтелкедегі сүтті тығып беріп, тамақтандырушы едім. Осы келгенінде “кешірдім” деп айттым өзіне. Алладан жалғыз тілегім, өлім ғана” дейді.
Қайша Қапкенова 2013 жылы “Қарттар үйіне” келген, жасы 74-те. “Ешкімім жоқ. Тұрған үйімдегі адамдарға “отырсам- опақ, тұрсам — сопақ” болдым. Зейнетақымды жоқ қылып жіберді. Мені бұл жерден әкетіңдерші деп өзім әкімдікке өтініш айттым”,-дейді.
77 жастағы Зива Дүйсекова “Қарттар үйіне” демалсын деп өз сіңлісі әкеп тастағанын айтады. “Сіңлім әкелді. Алматыда тұратын ол “қартайғанда бір демалатын кезің келді. Жасың келді, енді демал” деп осында әкелді. Мұнда бәрі жақсы, тамағымыз дайын, кіріміз жуулы. Сіңлім “өзің рахаттанып, өзіңмен өзің отырғаның жақсы” деп осында әкелді”,-дейді.
Қилы тағдырдың иелерінің бәрі “бала-шаға, немеренің қасында отырғыңыз келетін шығар” деген журналистің сұрағына біраз үнсіздіктен соң “әрине” дейді. Әрине, қартайғанда “Қарттар үйінде” ешкімге керексіз бір заттай қалу кімге жеңіл тисін.
Бағдарлама барысында кімге де болса, ой салатын “бәріне өзіміз кінәліміз, не болса да, өзімізден көруіміз керек” деген Әлжапар Ауталиевтің сөзі әрбірімізге үлкен ой салары сөзсіз.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.