Әскерде ажал құшқандар қанша?

0
195

Кейінгі кезде сарбаз өлімі, олардың ауыр жағдайда аурухана төсегіне таңылуы секілді жағдайлар жиілеп кетті деп жазады Massaget.kz.

Ақпараттық сайт тілшісі Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдап, биыл және былтыр қанша сарбаз әскери борышын өтеп жүріп, көз жұмғанын анықтауға тырысты.

Сап-сау ұлын жіберіп, табытын құшып қалып жатқан аналар бар

Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп ауыр хәлге ұшыраған сарбаздың жағдайы жұртты шулатқан еді. Әскерде жүргеніне небары 23 күн өткенде қостанайлық 19 жастағы Нұржігіт Әбдіпатта комадан бір-ақ шыққан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жағдайға байланысты қатаң тапсырма берді. Кейін сарбаз есін жиғаны белгілі болды. Бірақ әлі сөйлей алмайды.

Ал 13 мамырда Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталінде 18 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжан қайтыс болды. Досымжан Сәлімжан былтыр күзгі шақырылымда өз қалауымен әскерге кеткен.

Алайда көп ұзамай жігіт бүйрегіне, өкпесіне шағымданып ауруханаға түскен. Сарбаз Жетісу облысы Сарыөзек гарнизонында қызмет еткен. Денсаулығы күрт нашарлай бастағанда алдымен Сарыөзектегі ауруханаға жүгінген.

Онда жігіттің асқазаны тазаланған. Кейін ол жедел түрде Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталіне жансақтау бөліміне жатқызылған. 10 күннен кейін сарбаздың жүрегі тоқтап қалған. Министрлік қандай пікір білдірді?

Бірінің артынан бірі қайталанып жатқан оқиғаларға байланысты министрлікке ресми сауал жолданды. Алайда Қорғаныс министрлігі бұл ақпарат таратылмайтынын мәлімдеді.

«Қарулы Күштердегі оқиғалардың статистикасы мен динамикасына қатысты сіз сұрау салған ақпарат таратылуы шектеулі санатқа жататынын хабарлаймыз», — деп жазылған министрліктің Massaget.kz-ке жауабында.

Осылайша ведомство кейінгі жылдардағы сарбаздардың өлімі, бұл жағдайларға қатысты қылмыстық істер туралы сұраған сауалымызға жауап алу үшін ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне хабарласуды ұсынды.

Ал Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті қаза тапқан, сондай-ақ, зардап шеккен және үйлеріне жіберілген әскери қызметшілерге қатысты есеп жүргізбейтіндерін мәлімдеді.

Фото интернеттен алынды.