Қазақ — Қытай байланысы басқа елдерге үлгі

0
159

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас алтын кезеңге өткенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Жоғары мәртебелі төрағасы, сізбен елордамыз Астанада кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Бүгін сіз елімізге мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Сізге зор ризашылығымды білдіремін.

Бұл ең алдымен Қазақстан-Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалаймын», — деді Президент Ақордада.

Оның пікірінше, қазақ-қытай қарым-қатынасы басқа елдерге үлгі.

«Қазақстан елдеріміз арасындағы тату көршілік пен ғасырлар бойғы достықтық нығайтуға ерекше мән береді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгерлерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекетаралық ықпалдастық орнаттық. Біздің екі жақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті деп нық сеніммен айтуға болады», — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қос ел арасында сауда айналымы 41 миллиард долларға жеткенін атап, Қытай төрағасына алғыс айтты.

«Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты, әлеуметтік, экономикалық дамуға халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр. Былтыр өзара тауар айналымы 41 миллиард доллардан асты.

Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазір 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны – 14,5 миллиард доллар. Жоғары өнеркәсіп, энергетика, көлік транзиті, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларды қамтиды.

Сондай-ақ екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түсті. Жоғары мәртебелі төраға, осы жетістіктің бәрі сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асып жатқанын айрықша атап өткім келеді», — деді президент.

Фото интернеттен алынды.