Мұғалімнің аттестациясы бизнеске айналған ба?

0
1663

Жақында еліміздегі мұғалімдердің білімі мен білігін анықтайтын  аттестация сынағының екінші кезеңі басталады. Осы сынақты да бизнеске айналдырып, пайда тауып қалуға жанталасқандар күн санап көбейе бастады деп жазады Democrat.kz.ақпараттық порталы.

Әлеуметтік желіде “аттестациядан өткізіп береміз”, “тестен өткізіп береміз”, “біз жасаған авторлық бағдарлама сізді аттестациядан өткізеді” деген сыңайдағы жарнамалар легі толастар емес.

Democrat.kz.ақпараттық порталы осыған дейін де мұндай жарнамалар туралы мәселе көтерген болатын. Жарнама берушіге арнайы хабарласып, олардың аттестацияға қалай ықпал ете алатынын сұрап білген. Өкінішке қарай, біз хабарласқан жарнамашылар авторлық бағдарламаны талапқа сай етіп жасап береміз дегеннен әріге аспаған.

“Аттестациядан өткізіп беру” құны әр мұғалім үшін қанша теңгеге шығуы мүмкін? Әлеуметтік желіде жарнама беруші бірнеше ұйымға хабарласып, білгеніміз, дайын авторлық бағдарламаны — 120-150 мың теңгеге сатып аласыз. Тестке дайындыққа 100-150 мың теңге шығаруыңыз керек. Ал “портфолионы да толтырып береміз” деушілер 150-200 мың теңгеге “еңбектерін” бағалап отыр екен.

Facebook әлеуметтік желісінде жүрген сондай жарнаманың астына біраз мұғалім пікір қалдырыпты. Бірі күмәнданып “алаяқтар емес пе?” десе, енді бірі “жоқ, тестке жақсы дайындайды” дейді. Ал енді бір кісілер “қалай кіреді бұл тестке?”, “жауап бермейді ғой” деп алаңдап, қызығушылық та танытыпты.

“Өтірік қой бәрі.  Көмектесіп басын ашып ми құяма сонда, болмаса келетін сұрақты 100 % біле ме? Әншейін бәрі бизнес қой, адам тарту. Өте алмасаң, таппайсың оларды” деп жазуда.

“Қалай көмектеседі? Мәңгүрт жүйе, ұстаздың бойында білім бар немесе жоқ, оларды сынайтын кім екен? Өзі сол ұстаздардың алдынан кеше ғана шықты емес пе? Жетіскен қоғам, ендігі ұстаздың еңбегі және жұмысы ақшамен шешіледі” деп ренішін де білдіруде.

Авторлық бағдарламаны жазбаса, тест сұрақ-жауаптарын құрғақ жаттап шықса, портфолиосын біреу толытырып берсе…Сонда мұғалімнің білімі мен біліктілігі қалай анықталмақ?

Мұнан бөлек, басты мәселе — интернетте жүрген жарнамашыларға сенім бар ма? Сізден алатын ақшасын алып қойған соң, “күл болмасаң, бүл болды” кері болмай ма? Портфолионы бүкіл жасаған еңбегін салып мұғалімнің орнына кім толтыра алады? Бұл мүмкін бе?

Жарайды, бәрін сатып алып, аттестациядан өттіңіз делік. Олай болса, білімді ақшаға сатып алған мұғалімнен қоғамға пайда емес, зиян келмей ме?

“Кепілдік береміз”, “аттестациядан өтпей қалсаңыз, ақшаңызды қайтарып береміз” деген жарнамаларға сеніп, ақшаңыз бен санатыңыздан  айырылғанша, өз біліміңіз бен күшіңізге сену — нағыз ұстазға тән қасиет емес пе, қалай ойлайсыз?

 

Дайындаған: Хақназар САДЫРХАН

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.