Түркі елдерінің өз экономикалық дәлізі болады

0
152

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі дәуірінің» күш алып, қуаттана түскенін айтты деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы ınbussines.kz.-ке сілтеме жасап.

«Ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруға күш саламыз! Бұл ретте «TURKTIME!» ұраны аясында ықпалдастықты кеңейтуді жалғастырамыз. Бұған дейін 40-қа жуық іс-шара өткіздік. Елдеріміз арасындағы байланыстың жаңа тетіктері пайда болды.

Бұл – әлеуметтік саясат, құқық қорғау, білім, технология, инновация және өнеркәсіп сияқты салалар. Сондай-ақ Астанада, қыркүйек айында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.

Бұл – түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шара», – деген Қазақстан Президенті барлық түбі бір түркі елдерінің көшбасшыларын алдағы қыркүйекте Астанада кездесуге шақырды.

Айта кету керек, қазіргі кезде Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) төрағасы – Қазақстан. «TURKTIME!» деген ұранды да осы төрағалық аясында, былтыр Қазақстан ұсынған болатын.

2023 жылғы 3 қарашада, елордада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X cаммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанда түркі дәуірінің өрлеуі кезеңін жариялады.

Тиісінше, ол Қазақстанның ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы бұл сөздің әрбір әрпінде түп-төркіні бір елдеріміз үшін ортақ құндылықтар тұнып жатқанын жеткізді. Тарата айтқанда, елдеріміз өз ынтымақтастығында салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), бітім (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық береді.

Қазақстан көшбасшысы айтқандай, ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. БҰҰ, ЮНЕСКО және басқа жаһандық алаңдарда ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз.

Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Соның аясында түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет.

Айтқандай, саммит өткен Карабах өңірі – түркі елдерінің бірлігінің кезекті жеңісі мен жетістігін паш етеді: бұл аймақты оккупациядан азат етуге Әзербайжанға Түркия әскери көмек көрсетті.

Енді Таулы Қарабақ өңірін қалпына келтіруге Түркия, Қазақстан, Өзбекстан және басқа да түркі елдері қолғабыс етіп, қаражат салуда.

Бұл тұрғыда ТМҰ бейресми саммитінің аясында мемлекет басшылары қол қойған «Карабах декларациясы» – түркі әлемінің алдағы ынтымақтастығының Жол картасына айналады.

Бұл туралы Түркияның Әзербайжандағы бұрынғы елшісі, Түркияның İMZA әлеуметтік дамуға қолдау қоғамдық бірлестігінің сарапшысы Хулуси Кылыч мәлімдеді.

«Түркі мемлекеттері ұйымы қадам-қадаммен, мемлекеттердің және халықтардың болашақ дамуына ықпал ете алатын іргелі құрылымға айналып келеді.

Шушадағы саммитке қатысқан президенттер «түркі бір болса төбедегі келеді» деген даналыққа жүгініп, ауызбіршілік пен тұтастықтың маңызын түсінетіндерін аңғартты. Олар ТМҰ-ны өзгелер сенетін және ұстанымымен санасатын халықаралық қуатты құрылымға айналдыруды жақтады.

Бұл қолымыздан келеді. Президенттер Түркі отбасы идеясы айналасында бірігудің қажеттілігін нықтады», – деді Хулуси Кылыч.

Түрік эксперті бұл саммитте түркі мемлекеттері лидерлерінің Солтүстік Кипр түрік республикасының (СКТР) көшбасшысы Эрсин Татарды өз қатарына алғанына назар аудартты. Оны құрылтайға шақыру бастамасын Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев көтерген болатын, өзге президенттер қолдады.

Түркиялық сарапшының пікірінше, осының арқасында, Шуша саммиті БҰҰ тарапынан мойындалмаған СКТР-дың «алдында тұрған кедергілерді еңсеру жолындағы жаңа трамплинге айналады». Әзірге Солтүстік Кипр ТМҰ-да тек бақылаушы болып табылады. Бәлкім, болашақта тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалып, толыққанды мүше болуы да ғажап емес.

Осы саммит қарсаңында ұйымға мүше мемлекеттердің парламенттері ағайын, азат елдерімізді жақындастыра түсетін қос құжатты ратификациялады.

Бұлар – «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісім» және «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған Кеден дәлізін құру туралы келісім». Соңғысын тек Қазақстанның Сенатының мақұлдауы ғана қалды.

Содан кейін бауырлас елдер арасында оңайлатылған Кеден дәлізі құрылады. Бұл – перспективада жаңа Кеден одағының іргетасын қалауы мүмкін.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, түркі мемлекеттерінің Кеден дәлізінің игілігі көп. Соның құрылуы нәтижесінде жүктер осы елдер арасында барынша жылдам қозғалатын болады.

Келісім аясында біріншіден, тараптардың кеден органдары кедендік операцияларды жасауды жеделдетеді. Екіншіден, кедендік операциялар мен кедендік рәсімдерді жүргізу үшін қажетті құжаттар санын қысқартады.

Үшіншіден, тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тауарлар туралы ақпаратты талдау негізінде кедендік бақылау нысандары мен әдістерін қолдануды барынша азайтады. Яғни, өзге жүктер шекарада мұқият тексеріліп, апталап қаңтарылып тұрғанда, түркі елдерінің жүктері шекарадан жеңіл, «желіп» өте шығады.

Бас қаржыгердің түсіндіруінше, енді тараптардың кеден органдары құзыретті лауазымды тұлғалардың тізімін айқындайды. Міне, сол тұлғалар жүктердің өзара кедендерден жеңіл өтуі үшін олар туралы алдын ала мәліметтер алмасуды іске асыруға жауапты болады, сондай-ақ оларға елдердің дәлізге қатысты тікелей байланыстарын жүзеге асыруға уәкілеттік беріледі.

Барлық мемлекеттерде келісімді ратификациялау бойынша ішкі процедуралар толық аяқталған соң, 6 ай ішінде келісім бойынша техникалық шарттар әзірленеді және Кеден дәлізі алдымен пилоттық жоба ретінде қолға алынады.

Ізашар жоба аяқталғаннан кейін тараптардың кеден органдары тұрақты негізде мәліметтермен алмасуға ауысады. Яғни, ТМҰ елдерінің «оңайлатылған Кеден дәлізі» тұрақты негізде жұмысқа көшеді.

Бұл Кеден дәлізінің игілігін пайдалану үшін қазақстандық экспорттаушылар мен импорттаушылар «сауда операторлары» ретінде тіркелуі керек. Екі талап қойылады: тиісті халықаралық электрондық жүйеде жұмыс істеуі, тасылатын жүктері туралы алдын ала және анық ақпарат ұсынып тұруы шарт.

«Бүгінгі таңда барлық қазақстандық компаниялар бұл дәлізде сауда операторлары бола алады, ешқандай шектеу жоқ! Тек тауарлары мен оны таситын көлік құралдары туралы тиісті ақпарат беруі керек, ары қарай жұмыстарын істей береді.

Шартта осы сауда операторларына бірталай жеңілдіктер көзделген: біріншіден, кедендік рәсімдеудің басымдығына ие болады. Екіншіден, кедендік процестерден оңайлатылған түрде өтеді. Үшіншіден, оларды кедендік тексеру болмайды», – деді Қаржы министрі Мәди Такиев.

Ол түркі мемлекеттерінің Кеден дәлізіне елдердің барлық кеден бекеттері қатысатынын нақтылады. Яғни, бірер өткізу пунктімен ғана шектелмейді, кез келгенінен, соның ішінде порттардан оңайлатылған режиммен өте алады.

Оңайлатылған Кеден дәлізі, бас қаржыгердің байламынша, жүктердің кедендік рәсімдерден өтуін тездетеді. Бұл отандық бизнестің шығындарын азайтады, шетелге өз өнімімен шығуы жағдайларын жақсартады, тиісінше, кәсіпкерлер мен компанияларымыздың табысын өсіреді.

Бұл сондай-ақ елдер арасындағы тауарайналымның көлемін ұлғайтады, одан түсетін кедендік төлемдер мен салықтар көбейеді. Яғни, осындай ынтымақтастық халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға игі ықпал етеді.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың мәліметінше, жүктер жарты сағат ішінде шекараны кесіп өте алады.

«Кедендік рәсімдерді жеңілдету үшін жүктің ілеспе құжаттары алдын ала берілуі керек. Бұл үшін декларацияларды электрондық форматқа көшірдік. Соның арқасында кеденнен өту уақыты 3 сағаттан 30 минутқа дейін түсті.

Цифрландыру жұмысы тез декларация алмасуға әсер етті. Біз енді автомобиль тасымалдарын цифрлық форматқа көшіріп жатырмыз. Өзбекстанмен өзара пилоттық режимге көштік: оң әсері бар. Сондай-ақ Өзбекстан мен Түркия да өзара сондай режимге көшті. Бес мемлекеттің бәрі көшкеннен кейін тауарайналым күрт жеңілдейді деп ойлаймыз. Бұл біздің мақсатымыз», – деді Көлік вице-министрі.

Сенатор Амангелді Нұғмановтың айтуынша, түркі елдері арасындағы сауда-саттыққа соны серпін берілгелі тұр. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысында, Қазақстан мен ТМҰ мүше мемлекеттері арасындағы жүк тасымалы көлемі 35 миллион тоннаны құрады. Сөйтіп, 2022 жылмен салыстырғанда бірден 20%-ға өсті. 2022 жылы 29 миллион тонна болған еді. Биыл да 20 пайыздық өсім күтіледі.

Тарата айтқанда, былтыр түркітілдес елдер арасындағы жүк тасымалы бойынша Қазақстанның Өзбекстанмен арадағы жүк айналымы – 23 миллион 545 мың тоннаны, Қырғызстанмен – 6 миллион 496 мың тонна, Түркиямен – 4 миллион 175 мың тоннаны, Әзірбайжанмен – 498 мың тоннаны құрады. Ортақ Кеден дәлізі толыққанды күшіне енген соң, бұл көрсеткіштер болашақта екі еселенуі мүмкін.

Бұған Қазақстан Парламенті ратификациялаған және Президент қол қойған «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісім» де төл үлесін қосады.

Келісім автокөлік, теміржол, теңіз көлігі сияқты көліктің бірнеше түрін дәйекті пайдаланып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге жәрдемдесуге, теміржол, су және автомобиль көлігінің заманауи жүйелерін дамытуға, кедендік рәсімдерден өтуді жеделдету үшін алдын ала ақпарат алмасуға, сондай-ақ жүктерге қатысты цифрлық технологияларды енгізуге ықпал етеді.

Келісімге сәйкес, Түркі елдері арасында тасымалдауды дамыту мәселелерімен ғана айналысатын арнайы «бірлескен комитет» құрылады.

Қорыта айтқанда, транзиттік-көліктік әлеуеттерін дамыту, сауда-экономикалық қатынастарды өрістету арқылы Түркі мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығы нығаюда. Ата-бабадан «Есепті дос айырылмас» деген уағыз қалыпты. Ал, өзара сауда-саттығы, алыс-бері артып, кемеліне жеткен, тонның ішкі бауындай тығыз араласқан бауырлас елдер тіпті айырылыспайды.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.