Тарихты бұрмалауды доғарыңдар, дүмшелер!

0
413

Қазір әлеуметтік желіде қаптаған уағызшылар тисе — терекке, тимесе  — бұтаққа деп түрлі діни насихаттарын жүргізуде. Алайда сондай уағыздардың ішінде діни емес, қазақ тарихын бұрмалайтын сұрқия саясаттың да иісі шығып қалады. 

Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» өлеңінде «бір аллаға сыйынып» деген сөйлемді қыстырып, «әне, Ыбырай да мұсылман болған» деді. Шәкәрімді тұтастай мұсылман етіп «шығарды». Абайды ғой — діндар адам деп оның жазба ақындығын «сүртіп тастады».

Айта берсе, мұндай шалдыр-шатпақ дүниелер дүмшелердің аузынан емін-еркін шығып жатыр. Тіпті, Лениннің өзін «құрандағы «оқы, оқы және оқы» деген сөзді алған, құранды білген кісі» дейтін уағызшыны да көзіміз көрді. Жұрттың бәрін қолдан мұсылман жасаудан сол дүмшелерге келіп-кетер пайда бар ма? Нені дәлелдегісі келеді солардың?

Ислам діні 1500 жылдан бері бар дін екен. Олай болса, ондай үлкен дінді әркімге бір теліп, дәлелдеудің қажеті бар ма?

Тағы бір айтарлық дүние — осы дүмше уағызшылардың ешбірі Күлтегін туралы жақтарын ашпайды. Қазақтың тарихи бастауы — Абай, Ыбырайдан басталмайды ғой!? Айналып келіп, кешегі ғасырда өткендерді қолдан мұсылман етуге жанталасып, шаршады.

«Абай — медреседе оқыған, медреседе оқыған адам діндар болады» дегенге саятын бір уағызды естіп қалдым. Мұнда келте ойлы, мұнша надан болу үшін не ішіп, не жеу керек? Абайдың заманында медреседен басқа білім алатын жер бар ма еді? Қазіргідей мектеп болды ма Абайдың заманында?

Абай медреседе оқуға мәжбүр болғанын сауатсыз уағызшыларға түсіндіретін пенде бар ма?

Мейлі, қазақтың бүкіл ұлы тұлғаларын мұсылман етсін-ақ. Одан не пайда? Әлде «Абай — мұсылман болған» деп басқалары да солай ете ме?

Әттең, Күлтегінді қолдан мұсылман етуге шамалары келмей тұр. Әйтпесе, оны да мұсылман етіп, арабтарға 5-6 ғасырда Ислам дінін біз апарып үйреткенбіз деуден тайынбайды біздегі дүмшелер.

Сөз соңында айтарым, «қазақ — әлмисақтан бері мұсылман» деген түсінікті тықпалап, сол үшін қазақтың тарихын бұрмалаудың керегі жоқ. Бұл қазаққа дін деген 6-7 ғасырда күшпен келгенін тарихтан өшіре алмаймыз. Ал 6-7 ғасырға дейінгі аталарымызды «жабайы кәпір болды» деп айтуға қақымыз жоқ.

Қазақтың кім болғанын тасқа қашап Күлтегін жазып кеткен. Қанша тыраштанып, өтірікті судай ағызсақ та, шындықтан аттап кете алмаймыз.

Керімбек АТАБЕКҰЛЫ, тарихшы, зейнеткер.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.