Шетелдік азамат әдепсіз қылығы үшін елден шығарылды

0
211

Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоғамдық орында әдепсіз мінез-құлық көрсеткен және шетелдiктiң ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған шетел азаматына қатысты екі істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Істің мән-жайы бойынша шетелдік азамат қоғамдық орында болған кезінде бұрын таныс емес әйелге қатысты әдепсіз мінез-құлық көрсеткен. Сонымен қатар, құқық бұзушы құрылыс алаңында рұқсатсыз жұмыс істеген.

«Құқық бұзушы өз әрекеттерімен қоғамға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Жасалған құқық бұзушылықтардың мән-жайлары іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалармен, полиция қызметкерінің баянатымен және бейнежазбалармен расталды», — делінген сот хабарламасында.

Сот қаулысымен шетелдік азамат екі бап (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі  және 517-бабының 5-бөлігі ) бойынша кінәлі деп танылды:

«Құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды; ӘҚБтК-нің 517-бабының 1-бөлігі бойынша ҚР шегінен шығарылды. Сот әкімшілік жаза шараларын қоғамға теріс әсер ететін және қоғамды құрметтемеуге бағытталып жасалған әрекеттердің дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады», — дейді соттағылар.

Фото интернеттен алынды.