Құмар ойнаудан құтылу үшін о дүниеге бір барып қайту керек

0
181

Психотерапевт мамандар құмар ойынға деген тәуелділікке адамның психологиялық жарақаттары себеп болады дейді.

Алайда ойынқұмарлықтың қаншалықты қауіпті екенін түсініп, одан арылу үшін мамандардың көмегіне жүгінетіндер азшылық.

Құмар ойынның қақпанына түсіп, шырмауынан шыға алмай жүргендердің психологиясын зерделеп, тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып көрдік.

Stan.kz тілшісіне сұхбат берген психосоматолог Нұрдәулет Сәдібек құмар ойынға тәуелді адамдардың негізгі белгілері мен тәуелділіктен құтылудың тәсілдері туралы айтты.

Психотерапевт маманның көмегімен “Лудоманның негізгі белгілері қандай? Ойын құмар адам не себепті тәуелділігінен арыла алмайды және оның қалай алдын алуға болады?” деген сұрақтарға жауап тауып көрдік. Құмар ойынға деген тәуелділікке тап болмас үшін оның басты белгілері мен онымен күресу жолында жол беруге болмайтын қателіктер туралы білу маңызды. Нұрәулет Сәдібектің айтуынша, ойын құмар адамдар жиі өтірік айтып, қиял-ғажайыпқа сенеді.

Құмар ойындарға тәуелділіктің психологиялық белгілері:

Ұтыстан жеңетіні туралы алдамшы ой;

Ойын кезіндегі немесе оның алдындағы эйфория, толқыныс немесе үрей;

Эмоциялық тұрақсыздық;

Өзін кінәлі сезіну, ұялу, қажу;

Ашушаңдық, агрессия, бәс тігуге кедергі келтірген кездегі ырықсыздық;

Мәселені немесе оның салдарын жоққа шығару және бағаламау;

Құмар ойын қаржылық немесе басқа қиындықтарды шешуге көмектеседі деген алдамшы үміт;

Ойынға деген құмарлықтан ләззат алу.

Психосоматолог Нұрдәулет Сәдібек бала кездегі психологиялық жарақаттарды ойынқұмарлыққа алып келетін басты себеп деп көрсетті. Ата-ана балаға көңіл аударып жүрмін деп ойлағанымен әр баланың қабылдауы әр түрлі екенін ескеру қажет дейді.

“Бір үйден маскүнем де, ғалым да шығады. Бірақ ата-анасы екеуіне бірдей тәрбие берді. Мұнда әр бала өздігінше қабылдап тұр. Маман баланың қабылдауындағы қателіктерді психологиялық құралдар арқылы емдеп, дұрыс қабылдау шешімдерін береді. Бала кез келген жағдайды басқаша көреді. Сөйтіп бұл жағдайға әке-шешесінің де, өзінің де кінәлі емес екенін түсінеді. Осылайша ол ешкімнен ештеңе талап етпейді және ана-анасының көңілін өзіне аудару үшін ештеңені шағып, қиратпайды, оларға масыл болмайды. 

Көп жағдайда ойынқұмар адамдардың әкесі, анасы, әпкесі, әйелі хабарласады. Бірақ ол адамның өзі хабарласпайынша біз оларға жауапкершілік алмаймыз және ол адаммен жұмыс істемейміз.

Өздері ниет білідіріп, айыққысы келетіндер де бар. Олармен жұмыс істейміз. Бірақ аталғандардың 95 пайызы соңына дейін емделмейді, орта жолдан тастап кетеді. Психологияның 5 пайызында біз саналы түрде өмір сүреміз, 95 пайызында бейсаналы түрде өмір сүреміз.

Оған әдеттер, реакциялар жатады. Саналы түрде өмір сүретін 5 пайыздың ішінде ерік-жігер деген дүние бар. Ерік-жігер адамның ішіндегі 95 пайыз ұмтылысты тоқтата алмайды. Адам жан дүниесін реттеп, психологиялық жарақаттарын емдемейінше лудоманиядан құлан-таза айыға алмайды”, – дейді маман.

Алайда оның айтуынша, құмар ойынға тәуелділікті емдеудің замануи әдіс-тәсілдері жоқ. Нұрдәулет психологиядағы әдіс-тәсілдердің тиімділігі, оның қалай жұмыс жасайтынын 100 пайыздың 80 пайызын 1900 жылдары зерттеліп қойғанын айтады. Бұл белігілі бір алгоритм екен.

“Өмірде баланс бар. Лудоманиямен ауыратын адамдар қаншалықты көп болса, сол дерттен қашып жүрген адамдар да сонша көп. Мұның барлығы карта секілді жай ойындардан басталады. Тілекке ойнау, бәс тігу дегендерден аулақ болу керек. Бұл – азарт. Ал азартқа кірген адамның одан құтылуы екі талай. Ол “Мен өзіме тиесілі дүниені жоғалттым, оны қайтаруым керек” деп ойлайды. Тіпті, 50, 100 теңге болса да бәс тікпеу керек”, – дейді психотерапевт. 

“Тәуелділіктен арылу үшін адам өлім аузынан қалу керек”

Қазақстандық психологтар ойынқұмар адамдарға 10 шақты терапия өтуге кеңес береді. Ал еуропалық психологтар бір проблеманы 1-1,5 жыл емдеу керек дейді. Маманның айтуынша, лудоманиядан құлан-таза айығуға болады.

Оның қабылдауына келетін науқастар өз қалауымен 5-6 терапия өтеді. Сөйтіп құмаройынға өзін не итермелейтінін түсінеді. Психологиялық жарақатын емдеп, басқа шешім қабылдайды. Нұрдәулеттің сөзінше, құмар ойынға тәуелді адам жан жарасын түсінгенде ғана өз қателігін мойындап, оны қайталамайды.

“Әр нәрсенің өзінің шегі болады. Дизбаланстың шегі – эгоизмнің ең жоғарғы сатысы. Адам ол кезде ештеңенің салдарын ойламайды. Сондай эгоизмнің ең жоғарғы дәрежесі – адам өз әйелін де ақшаға тігіп жіберуі мүмкін. Лудоман мұны тек денсаулығы нашарлағанда немесе өлім аузынан қалған кезде ғана түсінеді. Оған дейін оны үлкен мәселе деп қарастырмайды. Ол адам бізге өз еркімен емделемін деп келу үшін оның басынан қиын жағдай өту керек. Өлім аузынан қалуы мүмкін дегендей. Көп жағдайда оған жеңіл-желпі нәрселер әсер етпейді. Мысалы, ер адамды тауға апарып, ұрып-соғып, сол жаққа тыр жалаңаш қалдырып кетті делік. Адам сондай қиын жағдайға тап болғанда, ар-ұят мәселесі қозғалғанда ғана “Мүмкін мен дұрыс емес жолда шығармын? Бұдан шығудың басқа жолы бар шығар” деген ой келуі ықтимал. Осындай сұрақтар мазалаған кезде ғана лудоман психолог маманға келіп емделеді”, – Нұрдәулет Сәдібек.

Елімізде биыл қаңтар-маусым айларында құмар ойын мен бәс тігуді ұйымдастыру саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 174,4 млн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 41 пайызға төмен. 2023 жылы бұл кезеңде инвестицияға құйылған қаражат көлемі – 295,7 млн ​​теңге еді.

Өңірлер бойынша инвестицияның басым бөлігі Алматы облысына тиесілі – 171,6 млн теңге, Ақмола облысыда 594 мың теңге, Алматы қаласына 2,2 млн теңге түсті.

Сонымен қатар, 2024 жылдың бірінші тоқсанында құмар ойын мен бәс тігуді ұйымдастырғандар 112,1 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Бұл былтырмен салыстырғанда құндық мәнде 9,4%-ға артық. Бұл ретте физикалық көлем индексі 97% тең. Яғни, нақты мәнде бұл секторда қызмет көрсету көлемі 3% төмендеген.

Елімізде құмаройыншылар саны 400 мыңнан асқан. Олар 2023 жылы құмар ойынға 417 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған. Ресми емес деректерге сенсек, былтыр еліміздегі ойынханалар мен букмекерлік конторалардың табысы 1 триллионға жуықтаған.

Өткен жылдарға көз жүгіртсек, 2014 жылы Қазақстандағы ойын бизнесінің табысы 24 миллиард теңгеге жетті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 572 миллиард теңгеге күрт өсті. Десе де былтыр жоғарыда көрсеткендей екі жылдан бері ойынхалара мен букмекерлік кеңселердің айналымы төмендеген.

Тәуелділіктің алдын алу жолдары қандай?

Мамандар ойынқұмарлыққа, бәс тігуге деген қызығушылық бала кезден басталатынын айтады. Алдын алу шараларын да сол шақта қолға алу керек деп есептейді. Сол себепті олар жасөспірім шақта ата-аналарға аса мұқият болуға шақырады.

Балаларды телефоннан шектеу керек. Телефоны мен қолжетімді интернеті бар балалар мен жасөспірімдердің еліктеуі де, әр нәрсеге сенуі де оңай;

Сондай-ақ, бұғанасы қатпаған, әлі қалыптаса қоймаған жасөспірімдерге ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндірген абзал. Түсіндіру деген ұрып-соғу, ұрысу, зеку емес. Онымен өз дәрежесінде сөйлесіп, тіл табысуға тырысып көрген жөн. Сонда ойы бұзылып жүрген бала арқа сүйеп, сенетін адамның барын біліп, өзін не мазалап жүргенін, нені қалайтынын ашық айтуы мүмкін;

Лудоманияға деген қызығушылық бала шақтан басталатындықтан ата-ана жасөспірімнің араласатын ортасын мән берген дұрыс. Балаға қажет кезде қолдау көрсетіп, демеп отырған да дұрыс.

Қазақстандықтар құмар ойынның құрығына түспес үшін мемлекет тарапынан да бірқатар шаралар жасалуда.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, халыққа ойынға тәуелділіктің қаупі және оның даму белгілері туралы ақпарат беріледі, бағдарламалық жасақтама немесе отбасылық келісімдер арқылы ойындарға жұмсалатын уақытқа шектеулер қойылады.

Еліміздің әр өңірінде ойындардан тыс хобби мен белсенділік сақталатын салауатты әлеуметтік орта құрылған. Одан бөлек, тәуелділікпен күресудің әдістері мен стратегияларын ұсына алатын психологтар мен тәуелділік мамандарының кеңестері айталады.

Қазақстандықтарды спорттық, шығармашылық және білім беру іс-шараларына қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ денсаулыққа байланысты проблемалар, әлеуметтік оқшаулану және қаржылай қиындықтар сияқты тәуелділіктің жағымсыз салдары талқыланады.

Психотерапевт маман азартқа берілген жандардың қатарында әйелдер де барын айтады. Олар ештеңе жасамай-ақ көп ақша тауып кетемін дегенге сенеді.

“Лудомандардың арасында қиял-ғажайыпқа сенетін, шынайы өмірді қабылдай алмайтын әйелдер де бар. Олар болмайтын дүниелерге сеніп, алданып қалады. Мысалы, қаржылық пирамида халықты 2 миллирад теңгеге алдап кетіпті деп жатады. Солардың ішінде жүргендердің 80 пайызы – әйелдер. 5-10 миллион теңге салып, 1 жылдан кейін 50 миллион теңге қылып қайтарып аласың дегенге сенетін әйелдер де бар. Бұл да лудоманияның бір сипаты. Бірақ әйел болсын, еркек болсын олардың психологиялық жарақаттары бір. 100 лудоманның 3-4-і әйел болуы мүмкін. 

Тәуелділіктен арылу үшін не істеу керек?

Маман лудоманиямен ауыратын науқастың жақындары жауапкершілікті толықтай оның өзіне беру керегін айтады. Құмаройыншының туыстарының басты қателігі де осында.

“Олар лудоманның мәселесін шешіп, қарыздарын жауып береді, әйелімен татуластырады, бала-шағасын асырайды. Былайша айтқанда, азарттан алыстамауға жағдай жасайды. Бүркіт баласын өмірге бейімдеу үшін құздан итеретіні секілді адамдарда да дұрыс сепарация болуы тиіс.

Өмір сүргісі келетіндер аяққа тұрып кетеді, әлсіздер сол күйі ілесе алмай кетеді. Бірақ ата-ана оларға бірдей тәрбие берді, өмір сүруді үйретті, білім берді. Ары қарай жауапкершілікті ересек адам ретінде өзіне беруі тиіс.

Одан жауапкершілікті тартып алу, проблемасын шешіп беру – лудоманның жақындарының жіберетін ең үлкен қателігі”, – дейді маман.

Психотерапевтің айтуынша, лудоманияны дәрі-дәрмекпен емдеу ешқандай нәтиже бермейді. Дәрі-дәрмек белгілі бір нейрондарды уақытша өлтіреді дейді.

“Бізге дейін 50-70 жыл бұрын америкалық ғалымдар психотроптық заттарды зерттеп, оның тиімділігінің төмен екенін дәлелдеген. Дәрі-дәрмек тек уақытша әсер етеді. Ол жағдайды одан сайын ушықтырады. Сол себепті науқас ойынға деген тәуелділіктен арылу үшін оған балама нәрсе табу керек. Ол адам осы уақытқа дейін ішіп, шегіп осылайша басындағы проблемаларын ұмытып жүрсе, енді оның орнына тауға шығып, атқа мініп, балыққа барып емделудің басқа жолдарын қарастыру керек. Сондықтан тәуелділіктен арылудың ең тиімді жолы – психотерапия арқылы психоэмоционалдық күйді реттеу, балансқа алып келу”, – деп санайды маман.

Нұрдәулет Сәдібектің айтуынша, психологиялық жарақаттан бөлек адамның менталдық саулығының әлсіз болуы тәуелділікке алып келеді. Менталдық саулығы осал адамдар кез келген тәуелділікке бейім болады.

“Мысалы, білім, ғылым адамның менталдық саулығын, санасын, рухын көтереді. Сондай-ақ адамның ортасы да оған әсер етеді. Сол себепті әке-шеше баласының қандай ортада жүретінін, кіммен араласатынын білу қажет және олармен достық қарым-қатынас құра алуы тиіс.

16, 17 жастағы жігіттер мұндай жағдайлар туралы ата-анасына айтқысы келмейді, бәрінен жасырады. Сол сәтте әке-шешесі онымен дос бола алса және баланы жазаламай, керісінше, ақылын айтса мүмкін бәрі басқаша болады.

Ата-ана балаға тығырықтан шығуға өзіне таңдау беру арқылы көмектесу керек. “Ақшаны оған салғанша отбасымызбен тауға шығайық, табиғатқа барайық, жақындармен уақыт өткізейік. Сен қалай ойлайсың, қайсысы дұрыс” деп әке немесе ана форматында жетекші болу керек”, – деп атап өтті ол.

Тұрақты және қайталанатын құмар ойынға қатысты проблемалық мінез-құлық клиникалық маңызды бұзылыстарға және күйзеліске әкеліп соғады. 12 ай ішінде мынандай белгілерді байқауға болады:

Адамда құмар ойынға деген қажеттілік пайда болады, іштей толқу мен ләззатты сезіну үшін ол ставканың бағасын көтереді;

Ол құмар ойыннан тыйылу туралы ойласа мазасы қашып, ашушаң болып кетеді;

Құмар ойынға тәуелді адам бірнеше рет ойыннан бас тартып, өзін тыйып көрген. Бірақ оның бұл әрекеттері сәтсәз аяқталады;

Ол құмар ойынға беріліп кеткен. Үнемі бұрынғы ойындары туралы ойлайды немесе алдағы ойындарын жоспарлап жүреді. Бәске салатын ақшаны табудың жолдарын іздейді;

Адам өзін қорғансыз, мазасыз, жабырқау сезінген кезде міндетті түрде құмар ойын ойнайды;

Ойынға тікке ақшасынан айырылып қалса оны қайтару үшін келесі күні міндетті түрде қайтып келеді.

Ойын құмар адам өзінің құмар ойынға деген тәуелділігін өзгелерден жасыру үшін өтірік айтады;

Ол құмар ойынға өзіне қымбат данмен қарым-қатынасын, жұмыс, оқу мен мансабын тігеді. Нәтижесінде осының бәрінен айырылады;

Тәуелді адам құмар ойынның кесірінен тап болған материалдық қиындықтарды шешу үшін басқа адамға арқа сүйейді. 

Кейде құмар ойынға тәуелді болуға өмірлік жағдайлар да себеп болып жатады. Атап айтқанда, қаржылық, отбасылық мәселелер, жұмыстағы проблемалар, денсаулықтың нашарлауы. Алайда мұндай өмірлік қинындықтардан құмар ойын құтқарады деп ойлау – қателік.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.