«Жетімдерді жек көретін қоғамбыз» дейді блогер Самат
Ютубтегі «Айтарым бар» подкастында сұхбат берген блогер Самат қайырымдылық, жетім өмір туралы, қоғамдағы табу мәселелерді тарқатып айтып берді деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы.
Арыс қаласындағы жарылыс, Шардараны су алған оқиғаларда тегін қайырымдылықпен айналысып, жұрт көзіне түскен блогер Самат өз сұхбатында әрбіріміз мойындай бермейтін стеоретиптер туралы ашық айтып берді.
«Балалар үйінде өстім. Біздің қоғамда жетім балаға деген көзқарас басқаша. Эфирден жетім баланы көрсе, жылай салады жұрт. Ал шынайы өмірде «жетіммін» десең, күмәнмен қарап, айналасына жолатпайды. Жұмыс сұрап барсаң, балалар үйінде өскеніңді естісе «кейін хабарласам» деп шығарып салады. Бірақ ешқашан хабарласпайды»,- деген блогер «біздің қоғам жетімдерді жек көреді, жетімдерге сенбейді» дейді.
«Баланы қоқысқа лақтыра салу, жетімдер үйіне өткізе салу… Бізде адамгершілік деген азаймады, бізде адамгершілік деген мүлде жоқ. Соткасын жоғалтса, жанталасып іздейтін кісілер балалар үйінде жатқан жетімдерді іздемейді. Ол балалар басқа-басқа өз ата-анасына керек болмады. Міне, сондықтан да менің ең көп қайырымдылық жасау бағытым — жетім балаларға»,- дейді Самат.
Мұнан бөлек, блогер әрбіріміздің бетімізге перде етіп таққан, шындықтан жасыруға жанталасқан сұмырай қасиетіміз туралы да сөз етті. «Кредитке миллиондаған теңгеге айфон аламыз. Ал бала асырап, бауырға басудан қорқамыз. Біреу жетімдер үйінен бала асырап алам десе, айналасындағылар айнытып бастайды»,- деген блогер «Бала көтермеу — ұят. ЭКО-мен туу — ұят. Ал бала асырап алу — одан сайын ұят нәрсе. Неге? Себебі бала асырап алса, «жетімді асырап алған» деген сөз болады. Ол бала тойда жүрсе «жетім бала, асыранды бала» деп сөз ететін жұрттың пыш-пышы бітпейді»,- деп ащы шындықты батырып айтты.
«Балалар үйіне келеді. 16-17 жасар бала бар ма деп сұрайды. Ол адам ол балаға малын бақтырғысы, үй шаруасын жасату үшін алады. Жетім балалар да бұған ренжиді. Қоғамға айтарым, балалар үйіндегі баланы бейшара біреу деп ойлауды қояйық. Балалар үйінде аяғынан тік тұрған, өзіне сенімді, ақылды балалар бар. Өйткені ол арқа сүйейтін ата-анасы тастап кеткен күні өзіне сенім артқан бала»,- деген блогер жетім баланың да құқығы басқалармен тең екенін ескертеді.
Дайындаған: Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.
Фото интернеттен алынды.