Театрда шыққан дау: «Түріміз стандартқа сай емес»

0
137

Абай атындағы опера және балет театрында көрермендермен жұмыс бөлімі қызметкерлері заңсыз жұмыстан қуылғанын айтып, әлеуметтік желіде шағымданған.

Айтуларынша, оларды түр-келбеті стандартқа сай емес екенін айтып, штаттан қысқартқан. KAZ.NUR.KZ тілшісі театрға хабарласып, мән-жайды білді.

Абай атындағы опера және балет театрының көрермендермен жұмыс бөлімі қызметкері –Назерке Әбілқасымова Instagram желісіндегі парақшасында театрдың тоғыз қызметкері заңсыз жұмыстан шығып қалғанын айтып, араша сұрады.

«Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры қызметкерлерін заңсыз жұмыстан шығарып жатыр. Менің есімім – Назерке Әбілқасымова.

Мен көрермендермен жұмыс бөлімі қызметкерімін. Біз театрға келушілерді кіргіземіз, орындарына отырғызатын қызметшілерміз. 1 шілдеде театр қызметкерлері еңбек демалысына кетті.

Біз де 1 шілдеде еңбек демалысына шығу туралы өтінішімізді алып, театрға келдік. Біздің алдымыздан кадр бөлімінің басшысы шығып, көшеде біздің бөлімнің қысқарғанын, бөлімнің тоғыз қызметкері де қысқартылғанын айтты.

Бұл жаңалықты естіп, біз шошып қалдық. Зухра Шулгабаева біздің қысқарып қалғанымызды театрдың 90 жылдығы мерейтойы кезінде президент келетінімен, капельдинер (театр қызметшісі — ред. ескертпесі) ретінде түр-келбетіміз стандартқа сай еместігімен байланыстырды.

Мұндай қорытындыға біздің директорымыз Айнұр Көпбасарова келген», — дейді ол. Назерке Әбілқасымованың сөзінше, оларды кадр бөлімі басшысы заңгерге жіберген.

«Зухра Шулгабаева бізді штатты қысқарту туралы хабардандырумен танысу үшін театр заңгері Мұхит Катеновке жіберді. Біз оған бірнеше рет бардық. Ол бізден дөрекі түрде қол қоюды талап етіп, қолымызға хабарландыруды беруден бас тартты. Еңбек туралы заңнамаға сәйкес, жұмыс беруші бір ай бұрын хабарлауы керек еді. Жаңа маусым басталғанда қайтадан жаңа бөлім ашылатынын айтты. Біз бұл хабарландыруға қол қоймауға қақылымыз, өйткені біз онымен келіспейміз»,- дейді ол. Театр қызметкерлері кейін қысымға ұшырағанын мәлімдеп отыр. «Біз көзқарасымызды айтқаннан бастап, кадрлар бөлімі басшысы және заңгер тарапынан қысымға ұшырадық»,- дейді Назерке.

Оның сөзінше, кадр бөлімі Назеркені басқа қызметке оның келісімінсіз ауыстырған. «Мені келісімімсіз PR-менеджер қызметіне ауыстырған. Бұл туралы мен кездейсоқ білдім. Кадр бөлімі түсіндірмеді. Бұл – менің еңбек құқығымды бұзу. Мен бұйрықты көрмедім, хабарландыру алмадым. Мен осы туралы сұрай бастағаннан кейін бұрынғы орныма қайтарды», — дейді ол.

Назеркенің сөзінше, көрерменденмен жұмыс бөлімінің тағы бір қызметкері Жанар Елеусізова есімді қызметкерді мейірбеке қызметіне ауыстырмақ болған.

Ол кадрлар бөлімі олардың жұмыстан босатылғанын айтса, бухгалтерия қызметкерлер тізімінде деп мәлімдегенін айтып отыр. Осыған қатысты театр өкілдері пікір білдірді. Олар қысқару заң аясында болды деп отыр.

Сондай-ақ аталған тоғыз қызметкер театрдың ұсынысын қабылдап, бүгінде бос лауазымдарға ауыстырылған дейді.

«Қазіргі уақытта Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры қызметкерлерімен болған жағдай театрдың қолданыстағы ұйымдық құрылымын қайта ұйымдастырудың салдары болып отыр. Театрды қайта құру қажеттілігі болды. Өйткені театрдың қазіргі жұмысы мен бизнес-процестерін ұйымдастыру бүгінгі күні театрға оның қызметінің экономикалық және мәдени құрамдас бөлігін дамытуға бағытталған кәсіпорын ретінде қойылатын талапқа жауап бермейді. Нәтижесінде қайта ұйымдастырудың нәтижесі штат кестесінің өзгеруімен театрдың ұйымдық құрылымының ішінара өзгеруі болды. Бұл процесс қатаң құқықтық шеңберде жүзеге асырылды. Өйткені театр мемлекеттік кәсіпорын. Онда құрылым мен штат санын бекіту жөніндегі іс-шаралар Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінде бекіту түріндегі белгілі бір рәсімдерді сақтауды талап етеді. Бұл рәсімдер сақталды. Жаңа құрылым мен штат саны Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес қатаң келісілді», — делінген хабарламада.

Театр өкілдері қызметкерлерді қысқарту мақсатын көздемегенін айтып сендірді. «Штаттық кестеден лауазымдар алынып тасталды. Ал бұл лауазымдарды атқарған қызметкерлер жағдайдың қисыны бойынша штаттан шығарылды.

Театр, лауазымдары штаттан шығарылған барлық қызметкерлерге олардың біліктілігіне сәйкес театрда бар бос лауазымдарға ауысуды ұсынды. Сонымен қатар, жалпы алғанда, лауазымдары штаттан шығарылатын тоғыз қызметкер театрдың ұсынысын қабылдады — олар бүгінде бос лауазымдарға ауыстырылды», — дейді олар.

Ал қысым көрдік деген қызметкерлердің сөзіне театр өкілдерінің айтар уәжі бар. «Өздерін қысымға ұшырадық деп санайтын қызметкерлер театрдың белгілі бір штаттық лауазымдарына орналасқысы келеді.

Театр олай ете алмайды. Олардың штаттық лауазымдары құзыреті мен талаптары өзгерді. Ал олардың біліктілік деңгейі жаңа лауазымдарға орналасуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан олардың біліктілігі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмейді.

Бұл жағдай оларға бірнеше рет түсіндірілді», — дейді театр өкілдері. Айтуларынша, лауазымдарын алып тастауды заңсыз деп санайтын жеті қызметкердің үшеуі тек орта білімі бар, тіпті арнайы орта білімі де жоқ.

«Оларға өздері талап еткен штаттық лауазымға орналасу үшін қажетті біліктіліктің жоқтығы туралы түсіндіре отырып, театр олардың біліктілігіне сәйкес келетін бос штаттық лауазымдармен бірге оларға қызмет көрсету шартын жасасу арқылы азаматтық-құқықтық негізде театрмен жұмыс істеу мүмкіндіктерін ұсынды, мысалы, капильдинер, бірақ ұсыныстардың ешқайсысын олар қабылдаған жоқ», — деп түсіндіреді театр өкілдері.

Театр өкілдері қызметшілерге барлық өтемақы төлемдерін, Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес пайдаланылмаған еңбек демалысы күндері үшін барлық төлемдерді төлейтінін, олардың еңбек шарттарының және оларға белгілі бір құқықтарға кепілдік беретін театрдың ұжымдық шартының кез келген ережелерін қолданатынын, сонымен қатар олармен азаматтық-құқықтық негізде ынтымақтасуға дайын екенін айтты.

Бұл дауға пікір білдірген Мәдениет және ақпарат министрлігі Telegram-дағы арнасында іске заңды тұрғыда қызметтік тексеру жүргізетінін, оның нәтижелері кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.