Әйелдер де, еркектер де — әйелге жау

0
514

Қайбір жылы Батыста әйелдер #MeToo деген қозғалыс бастап, лауазымы жоғары, ауқатты, қоғамда ықпалды еркектерден зәбір көргенін, көріп жүргенін жаппай айта бастады. Кейбірі — бір-екі жыл бұрын, кейбірі 10-20-30 жыл бұрын зорлық көрген.

Адам құқығы жақсырақ қорғалған елдердің өзінде әйелдер көрген қорлығын ашып айтуға жасқанып келген. Қоғам өзімді айыптар деп қорыққан.

Ықпалды зорлықшы тағы да ресурсын пайдаланып, өзімді кінәлі етіп шығарар деп алаңдаған. Оның үстіне зорлық көрген адам бастан өткерген жайтты жылдар бойы бейсаналы/саналы түрде жоққа шығарып, эмоциясын іште бұғып, травмасын сыртқа білдірмеуі мүмкін. Ол бәрібір шығады.

#MeToo көп нәрсені өзгертті. Әйелдер бірін-бірін қолдады, БАҚ пен қоғам қолдады.

Қазақстанда, басқа саланы былай қойғанда, өзім жүрген журналистиканың өзінде неше түрлі сұмдықты естідім.

Жас қыз-келіншектерді телеарналардағы еркек бастықтар қалай басынатыны, кәсіпте өсірем-өшірем деп төсекке мәжбүрлейтіні…

Біз естімеген қаншама жағдай бар. Бұл әріптес қыздар неге ашық айтпайды? Мына оңбаған қорлық көрсетті, арымды таптады деп неге жария кінә тақпайды?

Әнарудың оқиғасы мұның жауабын тағы да айқын көрсетті — біздің қоғам зәбір көрген әйелді тыңдауға дайын емес. Әйелдер де, еркектер де — әйелге жау.

Әнаруды жүздеген мың жазылушысы бар пабликтер, блогерлер жаппай қаралап жатыр. Әйгілі антиваксер әрі гомофоб Бағила апамыз да боксшыға араша түсіп, аузына келгенін жазыпты.

Бұл қаралау науқанында боксшы Жанқоштың ақшасы мен ықпалы рөл ойнамады дегенге сенбеймін. Кешеден бері неше түрлі аға-бауырдың да пікірін оқыдым. Біразың қолда билік не ақша тұрса, әлсізге күшіңді көрсетуге, тізеңді басуға әзір тұрған адамдар екенсіңдер. Құдай сақтасын.

Осы іс әділ тергеліп, әділдік орнауына тілектеспін. Әнаруды уайымдап отырмын, шыны керек. Мынадай табаға төтеп беру оңай емес. Аман болсын. Оның батылдығы біраз қызға үлгі. Бірақ, өкінішке қарай, біздің қоғам зорлық көрген басқа әпке-қарындасқа жақсы үлгі көрсетіп отырған жоқ.

Аян ҚАЛМҰРАТ, журналист.

Facebook  жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.