Қазақстанда жұмыссыз қалғандарға төленетін ақша екі есе қысқа мерзімге беріледі

Қазақстанда жұмыссыз қалғандарға төленетін ақша екі есе қысқа мерзімге беріледі

1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем ең көбі үш ай ғана беріледі. Қазір бұл төлемді алты айға дейін алу мүмкіндігі бар, деп жазады Democrat.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем тәртібіндегі өзгерістерді түсіндірді.

Қазір міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан адам еңбек өтіліне қарай төлемді алты айға дейін ала алады. 1 қазаннан бастап пилоттық режимде ең ұзақ мерзім үш айға дейін қысқарады.

Төлем сомасына да шек енгізіледі. Қазір ол соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударым жасалған орташа табыстың 45 пайызы негізінде есептеледі. Жаңа тәртіп бойынша ең жоғары төлем жеті ең төменгі жалақының 45 пайызынан аспайды. 2026 жылғы ЕТЖ 85 мың теңге болғандықтан, максималды төлем 267 750 теңге болады.

Министрлік бұл өзгеріс бюджетті үнемдеу үшін емес, адамдарды жұмысқа тезірек орналастыру және жалған жұмыссыздық схемаларының алдын алу үшін енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

1 тамыздағы жағдай бойынша мұндай төлемді 287 мыңнан астам адам алған, орташа төлем көлемі шамамен 102 мың теңге болған. 

Барлық жаңалықтар