«Ең оңай жұмыс — сынып жетекшілігі» дейді Ғани Бейсембаев

0
480

 Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Бәрі ашық» жобасына берген сұхбатында кезінде өзінің атқарған сынып жетекшілігі туралы айтты, деп хабарлайды Democrat.kz.

«Сынып жетекшінің атқарар жұмысы ауқымды. Сыныптағы 25 баланың тәлімі мен тәрбиесі және олардың ата-аналарымен біріге жұмыс істеу оңай емес. Мен де 21 жасымда 5 сыныпқа сынып жетекшісі болдым.

Бұл сыныптың оқушысы да, ата-аналары да қиын, сен жап-жас болып қалай игересің деп әріптестерім көңіл білдірген. Бірақ сынып жетекшісі болғанымда менің балаларымнан артық бала жоғын, менің ата-аналарымнан мықты ата-ана жоқ екенін көрдік.

Қандай іс-шара өткізсем де, ата-аналарым жанымнан шықпайтын. Яғни, мұның барлығы сынып жетекшінің шеберлігіне байланысты. Егер сынып жетекшісі сынып жұмысын ата-аналармен бірге үйлестіре алса, әр ата-ана мен баланың жүрегіне жол тапса, ең оңай жұмыс — сынып жетекшілігі», — деді министр.

«Мен ерінбей әр баланың көңіл-күйі мен оның отбасындағы жағдайды біліп отыратынмын. Оқушының үйіне барып, ата-анасымен танысып, өзімнің сол оқушының екінші ата-анасы екендігімді білдіріп, дәлелдеп көрсететінмін.

Мұғалім оқушыға қамқор, қолдаушы болса, бала ашыла түседі», — деген министр мұғалім мүмкіндігінше баламен тығыз байланыста болғаны жөн екенін айтты.

Фото интернеттен көрнекілік үшін алынды.