Шымкентте қолдан арақ жасап сатқандар ұсталды

0
141

Әділет министрлігі Шымкент қаласынан «Absolut», «Зеленая марка», «Айдабульская», «Qulan» және тағы басқа брендтердің атын жамылған контрафактілік алкогольді өнімдер өндіретін жерасты цехінің жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Шымкент қалалық Әділет департаменті мен полиция департаментінің қызметкерлері контрафактілік өнімдерді өндірумен айналысқан азаматты ұстады. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы (Бөтеннің тауар белгілерін заңсыз пайдалану) бойынша іс қозғалды.

“Тексеру барысында жерасты цехында спирттік ішімдіктерді құюға арналған құтыда, шығу тегі белгісіз 3 000 литр сұйықтық, сүзгі, құю жабдықтары, «Absolut» тауар белгісі бар 720, «Зеленая марка» тауар белгісі бар 1 400 дана бөтелке қақпақтары тәркіленді. Қазір әкімшілік істің материалдары сотқа жіберілді», – деді әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Әділет министрлігі қазақстандықтарды контрафактілік өнімдерді тұтынбауға шақырады. Сондай-ақ контрафактілі өнімдердің құрамында адам денсаулығына зиян келтіруі ықтимал түрлі улы заттар болуы мүмкін екенін ескертеді.

Фото ашық дереккөзден алынды.