Жолдаудағы банк саласына қатысты ұсыныс өте орынды — Ерлан Сайыров

0
135

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауындағы банк саласына жаңа заң енгізу ұсынысына қатысты пікір білдірді. Депутаттың пайымынша, елдегі ескі заң 30 жыл сектордағы олигархтардың мүддесіне қызмет етіп келді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Банк туралы жаңа заң қажет. Ескі заң ескі олигархтарды байытуға арналған еді. Халқымыздың қаржы саласындағы сауатсыздығын пайдаланған банктер байлыққа кенеліп, халықты кедейлендірді. Жаңа заң еліміздегі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырып, банк саласындағы олигархтардың күшін жою керек», — деп пікір білдірді мәжіліс депутаты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында бюджет қаржысын тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет деді.

«Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды. Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды», — деп атап өтті ол.

Фото интернеттен алынды.