Қарттар үйіндегі қос мұңлық

0
761

Қаланың қақ ортасындағы қарттар үйі. Бір ғажабы, биік қақпасынан қалай аттап кіресің, солай тіршілік дыбыстары сап тыйылады. Үш қабат  еңселі үйде сексеннен аса қарттар, өмірінің таусылатын күнін сарғая күтумен ғұмыр кешуде.

Арасында ерлі-зайыптылар да кездеседі.

Ұлдар әжей мен Ғабит атайдың қарттар үйіне жетектесіп келгендеріне аттай он жыл…

Ұлдар әжей ұмытшақ ауруына ұшыраған. Тамақ ішкенін лезде ұмытып, тамақ сұрап жүргені…

Ғабит ата қалтасынан нан үзбейді. Әжей қыңқылдай бастаса болды, шетінен сәл үзіп, аузына сала қояды. Әжей аузына түскен нанды бірден жемей, алдымен таңдайына салып сорады. Әбден жұмсады-ау деген кезде барып, шайнаңдай бастайды. Бала күнінен бойына сіңген әдеті.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде он бес жасар бойжеткен екен.

Қолда барды фронтқа жіберіп, елдегі халықтың аштан бұралып жүрген кезінде күніне сталиндік жүз грамм нанды таңдайына салып сорып, талғажау еткен кездері санасынан сіңіп кеткен болса керек.

Ғабит атайдың күйеуі екенін ұмытып қалған.

Бірақ, неге екені күнде таңертеңгісін мүйіз тарағын ұстап, Ғабит атайдың қасына барып, “шашымды өріп берші” деп тұрғаны.

Басқа заттарымен жұмысы жоқ әжей, мүйіз тарағын қалтасынан еш тастамайды. Ұйықтайтын уақыт болды дегенше, мүйіз тарағын сипалай бастайды.

Бірде күтуші әйел мүйіз тарағын қалтасынан алып, бас жағында тұрған шкафтың суырмасына салған екен, қарттар үйін басына көтере шу шығарып, Ғабит атай әрең басқан.

Содан бері еш жан әжейдің мүйіз тарағына жоламайды. Ерлі-зайыпты болған соң, екеуіне кең бір бөлме бөлген кезде “бөтен еркекпен бір бөлмеде ұйықтамаймын!”- деп шу шығарған соң, Ғабит атайды бөлек бөлмеге жайғастыруға мәжбүр болды.

Ғабит атай кәрілік мойнына мінсе де, бойын тік ұстайды. Сөзге сараң. Қашан көрсең, демалыс бөлмесіндегі бұрышта тұрған көне былғары креслода газет оқып отырғанын көресің.

Мән бере қараған адам атайдың газет бетіне үңілген көздерінің әріп орнына қиялға ауысып кеткенін байқауына болар еді.

Бірақ, атайдың жан дүниесіне кім үңілер?!

Атай күнде ұйықтар алдында Ұлдар әжейді бөлмесіне кіргізіп, аяғына дәрі майын шылап, көрпесін қымтап кетіп жатқаны.

Есікті жауып, сыртынан бірер минут тың тыңдайды.

Себебі, кейде әжейдің жалғызсырап жылайтыны бар.

Сол сәтте бөлмесіне қайтадан кіріп, аяғын ұзақ уқалап отырады. Ұйықтады-ау деген кезде барып, көрпесін ұқыппен қымтап, аяғын ұшынан баса шығып кетеді.

Ғабит атайдың айтуынша, әжей екеуі махаббат болып отасқан. Ұлдар әжей мұғалімдер училищесіне оқуға түскенде, Ғабит атай студенттерге сабақ берген екен.

Фронттан жаңа келген офицер. Сымдай тартылған жас жігітке қыздар жаппай ғашық болып жатқанда, Ұлдар қыз елеместен тұсынан өтіп кетеді.

Қыздар қоғадай жапырылып жатқан кезде көзіне ілмеген қызға деген қызығушылықтың аяғы сезімге ұласқанын байқамай қалады.

Қос ғашық қала шетіндегі орыстың аядай бөлмесінде отау құрып, үш ұлды болады. Қызығы мол дәурені шалқып өткен екеуінің балалары оқуларын аяқтап, үйлі-баранды екен.

Жылына екі рет Ұлдар әжей мен Ғабит атайдың туған күндерінде балалары немерелерін ертіп кезекпен келіп кетеді. Осындағылар үлкен қызметтегі балалары бола тұра, қарттар үйінде сонша жылдан бері тұрып жатқан қос қарияға таңырқай қарайды.

Бірақ, өздерінің де жандары жаралы болғандықтан, үндемейді.

Таңмен Ұлдар әжейдің бақырып жылаған дауысы естілді.

Кезекші орнында отырған. Зәуре орнынан ұшып тұрып, Ұлдар әжейдің бөлмесіне қарай тұра жүгірді.

Есікті ашып қалса, бөлменің іші топалаң…

Төсек, шкафтағы киім-кешектер, заттар түгелдей шашылып жерде жатыр.

— Тарағым, тарағым жоғалды! – деп, қарттық жеңіп, терісі жұп-жұқа аққұба өңі бозарған әжейдің көздері ащы жастан қып-қызыл болып кеткен.

— Ой, Ұлдар әже, шақырсаңыз тауып беретін едім ғой! – деуге мұршасы келген Зәуре, асығыс заттарды жинастыра бастады.

-Тарағымды ұрлап кетті! Тарағым! – деп, барынша айғайға басқан әжейдің дауысына жан-жақтан қариялар топырлап жинала бастады.

— Ой, Уля, тарағыңды қайда қойғаныңды тағы ұмытып қалдың ба? – деген Оля әжей:

— Қәзір табылар, айғайламасаңшы!

— Тағы не болып қалды? – деген Ғабит атай сыңар нәскиіне үй тәпкесін іле сала ентігіп жетті.

Асығамын деп жүріп, бір нәскиін киюді ұмытып кетсе керек.

Келе бұрышта бақырып жылап отырған Ұлдарға ұмтылды.

Өзіне қарай төніп келе жатқан атайдан одан бетер қорыққан әжей, байбаламға салсын…

Жұбатқысы келіп құшақтай алған Ғабит атайдың құшағынан шыққысы келіп, арпалысқа түсті.

Қанша дегенмен еркек емес пе, атайдың құшағынан босанып шыға алмай, жәймен сабасына түсе: ”Мүйіз тарағым… Мүйіз тарағым жоғалды… Енді ол ешқашан оралмайтын болды” — деп, үнсіз жылауға көшті.

Ғабит атай кемпірінің көзінен домаланған жастарды етсіз алақандарымен сүртіп отырып, қосыла жылады. Осынша уақыттан бері атайдың көзінен жас шыққанын көрмеген жұртшылық не істерін білмей, аңтарылыса тұрып қалды.

— Кешірші! Кешір мені, алтыным?!

Жүрегіңе өшпестей… Кетпестей жара салғаным үшін кешіре алсаң кеш, мендей бейбақты?! Опасыздығым үшін кеш! Желіккен сәтімнің сені осыншалық ететінін білсемші?! Сен мені кешіре алар ма екенсің, алтыным?! – деп солқылдағанда

Жиылған жұрт үнсіз қалды.

Жастығының астына қойған кезде, абайсызда жастық қабының арасына кіріп кетсе керек, Зәуре, жастық қабынан мүйіз тарақты тауып алды.

— Ғабит атай, міне, мүйіз тарағы?! – деп, атайға ұсына бергені сол екен,

— Тарағым?! – деген әжей, атайды итеріп жіберіп, жанталаса тарағына қарай сүріне-қабына ұмтылды.

Мүйіз тарағын Зәуреден жалма-жан жұлып алып, кеудесіне тап бір сәбиін басқандай басып, қарлығыңқы дауыспен әндете бастады: “Асыл жарым, жайқалған жасыл бағым…”

Ғабит атай солқ-солқ ете еңіреп жіберді. Тұрғандардың ешқайсы батып, сөйлей алмай үнсіз тұр.

— Мүйіз тарақ — Ұлдарға жасаған ең алғашқы сыйлығым…

Соғыстан кейінгі жылдары мұндай тарақты табу өте қиын болатын.

Мүйіз тарақты болу қыздар үшін үлкен бақыт болған кез еді ғой?..

Поляк елінен сатып алғанмын.

Мүйіз тарақты сыйлағанымда, Ұлдардың қалай қуанғанын айтып жеткізе алмаймын.

Жиырма бес жыл бұрын… Қай құдайдың  шатастырғанын?

Хатшы қызбен көңіл жарастырып қалдым.

Егделік кездің сезімі ерекше болады екен?!

Қанша тырысқаныммен, сезімімді тежеуге тегеурінім жетпей, хатшы қызбен бас қостым.

Киім салған чемоданымды алып, үйден шығып бара жатқанымда, Ұлдар ләм-мим деместен, үнсіз соңымнан қарап қала берді. “Келіп қалар?”деп күттім.

Келмеді… Жұмысыма келіп шу шығармақ түгілі, қарсы шыққан достарымызға “сезімге қарсы дауа жоқ”деп, басу айтыпты.

Араға үш жыл салып, Ұлдардың есінен ауып, көшеге шығып кететінін естідім.

Алғашында сенбедім. Шыдай алмай үйге барсам,көше басында Ұлдар тұр… Қолында мүйіз тарақ. Естігенімнің шындық екеніне көзім жетіп, қайта оралдым. Емдетпеген жерім жоқ. Балалар, шет елде.

Үшеуі – үш мемлекетте қызметте.

Елге келгілері келмейді. Сырттағы өмірлері өздеріне жайлы. Бақуат тұрады.

Жо-жоқ, анасынан ақша аямайды. Күллі шетелдік мықты деген емханаларда болдық. Айтатындары: “Үлкен депрессиядан санасы ауытқып кеткен”дейді.

Өзім де кәрілікке жеңіліп, қарауға шамам келмей қалған соң ақыр түбі осында келдім. Мүйіз тарақты тастамауының себебі сонда…

Естігенінен әжейге деген аяушылық ұлғайған жиылған жұрт жәймен күрсінісіп, бөлмелеріне тарап жатты. Ғабит атай әжейді кереуетіне жатқызып аяғын етсіз алақанымен аялай, уқалай бастады. Көздерінен жылжи аққан ащы жасын жұтып,ақырын әлди жырын айтып отыр.

Мүйіз тарағын кеудесіне басқан Ұлдар әжей бақытты күлімсіреп, ұйқыға ене бастады…

Әңгіме авторы белгісіз, интернет иірімдерінен.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.