Бүгін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында не көре аламыз?

0
103

Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 10 қыркүйекте бірнеше спортшымыз бақ сынайды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кеше, 9 қыркүйекте көкпардан 9 мемлекеттің спортшылары өзара мықтыны анықтады. Ал бүгін ширек финал ойындары басталады. Сағат 10:00-де Қазақстан құрамасы АҚШ командасымен күш сынасады. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы қатысады.

Көкпардан бақ сынайтын құрамалар қатарында Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия бар. Жарыс «Қазанат» ипподромында өтеді. Ал ипподром маңындағы этноауылда өтетін аударыспақ бойынша 9 мемлекеттен, 64 спортшы тіркелді.

Бүгін, 10 қыркүйекте 90 кг, 100 кг және +100 кг салмақ дәрежелерінің сайыстары өтеді. Іріктеу кезеңі 10:00-де басталады. Ал ақтық сын жарыстары сағат 17:00-ге жоспарланған. «Арғымақ» ат-спорт кешенінде дәстүрлі садақ атудан жарыс басталады.

33 мемлекеттен 183 спортшы бақ сынайды. Жарыс «Қалқан» нысанасы бойынша өтеді. 60/50 метр (7 оқтан 7 мүмкіндік). Қазақ күресі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Көшпенділер ойындарына қазақ күресінен 41 мемлекеттен 274 спортшы қатысады.

Аталмыш спорт түрінен ерлер мен әйелдердің әрқайсы 8 салмақ дәрежесінде сынға түседі. Сонымен қатар жамбы ату, күрәш, мас-рестлинг, асық ату және көк бөрі спорт түрлерінен іріктеу жарыстары өтеді.

Айта кетейік, V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тікелей эфирін Qazaqstan, Qazsport, Sport Plus Qazaqstan, «Хабар» мен «Ел-Арна» телеарналарынан көруге болады.

Фото интернеттен алынды.