Біздің ұлттық намысымыз неге біртүрлі?

0
398

Осы көп қазақтың ұлттық намысы біртүрлі. Сәл болса, түбі бір түркі бауырымыз қырғыз бен өзбекке доқ көрсетіп шыға келеді, оларды кемсітуден именбейді.

«Кенесарының басын шапты» деп кек қайтаратындай өңмеңдейді. Бұл тарихи санадағы кемістік. Әйтпесе, Орта Азияны отарлау кезінде Ресей империясы неше түрлі жауыздық жасады. Оны айтудан бұ қазақ жасқанады.

Есесіне «Көшпенділер ойынында» қырғыз көкпаршыларына берген күміс медалін бұлдап, «бір туған» халықтың жер-жебіріне жетіп жатыр.

«Көшпенділер ойынының» бас төрешісі «қырғыздарды 2-3 жылға көкпардан шеттетеміз» деп көкіпті. «Шекараны  шегелеп тастап, аштан қатырайық» деген сөзді айтып жатыр қазақтар.

Ал көрші Ресейге келгенде, бұ қазақтың ұлттық намысы сөніп қалады. Санкцияға ұшыраған Ресейдің Рыбакова сияқты спортшыларын Қазақстан құрамасына атай қалап кіргізді.

Сол орыстардың импершілдігі қозып кетті ме, әлде басқа себебі болды ма, шешуші сәтте олимпиадаға қатысудан бас тартты. Қазақстан спортында көптеген Ресей азаматтары «асымызды ішіп, дағарамызға т@шып» жүр.

Әншейінде қырғыз бен өзбектің төбесінен қарап айыптай жөнелетін намысшыл қазақ осыларға келгенде неге дүрк көтерілмейді?!..

Бұ намысшыл қазақтың Петропавловск пен Павлодардың атын ауыстыруға әлі дәті бармайды. Батырлығы «Усть-Каменогорскіні – Өскемен, Семипалатинскіні — Семей» деп атап, мүләйімсуден аспады. Жойылып кеткен жоңғар халқының өкілі деп Қапшағайдың атын қызыл коммунист Қонаевпен ауыстырды…

Ау, ағайын, Ресейден қорқып тіпті әліппемізді латынға өткізе алмай пұшайман болып қалдық қой, ал қазақ тілі қалтарыста тұр, қазақстандықтар қайта орыстанып барады. Бұ қазақтың «Құлап жатып, сүрінгенге күлуге» қақы бар ма?!.

«Бейбітшілікті сүйеміз» деп өтірік мүләйімсіп, Украинадағы басқыншылық соғыстан қашқан қаншама орыс Қазақстанға ауды. Оларға келгенде бұ қазақ қонақжай, жанашыр боп қалады. Алдынан ыстық бәліш пен шәй алып шығып, жатын орын тауып беріп бәйек болды ғой бұ қазақ.

Қазір осында жүрген ресейліктердің саны үш млн. Олар қазақстандықтардың жұмысын тартып алып, елдегі жұмыссыздықты күшейтті. Көпшілігі кәсіп ашып, үй сатып алып жатыр.

Міне, «есіркеме жетімді…» деген осындайда айтылса керек: Қазақстанда үй-жай, аренда қымбаттап, «әне-міне» баспаналы боламыз» деп жүрген  қазақтың жас отбасыларының үміті үзілді, студенттеріміз жалдамалы пәтер таппай далада қаңғып қалды.

Анау Яндекс такси дегені өзіне тиесілі салығын төлемей оны қазақстандықтардың қылша мойнына іліп қойды. «Қаңғып келген» ресейліктер қазақ жеріндегі бизнесті тартып алып, байлықты тағы да Мәскеуге қарай тасып жатыр.

Осыны намысшыл қазақ неге айтпайды?!. Әлде, олар «шекараны жауып тастап, аштан қатырамыз» деп қырғыз бен өзбекке доқ көрсетуден басқаға әлі келмей ме?!.

Эх, ештеңенің байыбына бара алмайтын сасық ұлтшылдық-ай.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.