Қызылордалық қорланған қыз бүкіл шындықты бүкпесіз айтып берді

0
939

Қызылордада сыныптастары жезөкшелікке салған 16 жастағы қыз бала басынан өткен қиын жағдайды бүге-шүгесіне дейін айтып берген. Бұл туралы «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі желіге жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жәбірленушінің айтуынша, ол 2023 жылы желтоқсан айында Ж және Н атты қыздармен қыдырып шығады. Ж оны камераға түсіріп алып, телефонын ломбардқа өткізіп жібереді.

Кейін «менде сенің жалаңаш суреттерің бар, ата-анаңа, туыстарыңа көрсетем» деп қорқытады. 4-қаңтарда Ж жәбірленушіні жыныстық қызмет көрсететіндердің сайты, яғни, Kizdar NET-ке тіркеп қояды.

Кейін клубқа апарып, «клиент» жинауын талап етеді. Осылайша жігіттер бірінен соң бірі ағылып келе бастайды. Қорлық көрген қыз баланы Н мен Ж үнемі қорқытып, ұрып-соғып, пәтерде бақылауда ұстайтынын айтқан.

Үйіне сирек қона бастаған қыз ата-анасына «даяшы болып жұмысқа кірдім» деп амалсыздан өтірік айтады. Жәбірленуші жыныстық қызмет көрсетуін жалғастырған. Оның жезөкшелікке салынғанын білген сыныптастары ақша бопсалаған.

Н мен Ж-ның қысымынан кейін қыз әке-шешесін алдап, 680 мың теңге тауып берген. Маусым айының басында қызды құлдықта ұстаған екі қызға тағы Д мен А атты ұл сыныптастары қосылады. Олар бәрі бірігіп, қызды қорлауын жалғастырады.

«Аяғымды оттықпен күйдірді, майлықты жағып, бұтыма тастайтын, полиэтилен пакетті күйдіріп, ішіме тамшылатып тұратын, одан қалған тыртықтар бар, маған күндіз де, түнде де жұмыс істетті, аудандағы бокспен айналысатын қыздарға ұрғызды, тамақ бермеді, ұйықтатпады, өздерінен қалған тамақты жегізді», — дейді жәбірленуші.

Шілде айында қызды қорлаушылардың саны артады. Сыныптастарынан басқа тағы үш жігіт қызды ұрлап алып кетіп, Дарияға ағызып жібереміз деп қорқытады.

Олар үнемі ақша бопсалап, ұрып-соғып, пышақпен денесін тілгілеп отырған. Тағы бір ақша бопсалаған кезде қыз тауып бере алмайтынын түсініп, Б атты танысына хабарласып, басынан өтіп жатқан жайтты айтып береді. Б қыздың әкесіне хабарласады. Қыздың әке-шешесі осылайша шындықты білген.

Сыныптастары қызды секс-құлдықта ұстаған уақыт аралығында оның банк картасынан 1000 мың реттен астам 13 млн теңгеге жуық аударымдар жасалған. Ол ақшаның ішінде қыздың туыстарынан, ана-анасынан келген ақша да бар. Алайда, оқушының банк картасынан ірі көлемде ақша аударылып жатқанда, ата-анасы неге білмегені айтылмаған.

Жалпы, қордың мәліметіне сүйенсек, 200 ер адам кәмелетке толмаған қыздың жыныстық қызметін сатып алған. Қазір қыз бала ауруханада неврологиялық ем алып жатыр. Қазірге дейінгі ІІМ ақпараты бойынша, қызды жезөкшелікке мәжбүрлеген деген күдікке ілінген сегіз адам қамауға алынған, біреуі үйқамақта отыр.

Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Осы істің аясында Қылмыстық кодекстің тағы бірнеше бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр:

309-бабы 2-тармағы –  «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық»;

194-бабы 2-тармағы – «Қорқытып алу»;

299-бабы 3-тармағы – «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуға көндiру»;

110-бабы 1-тармағы – «Қинау»;

140-бабы 1-тармағы – «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау».

Дина Таңсәрінің жазуынша, мектеп әкімшілігіне қатысты ешқандай іс қозғалмаған, жауапкершілікке тартылмаған. Мектеп директорының орынбасарлары ештеңе болмағандай жұмысын жалғастырып жатыр.

«НеМолчи» қорының жетекшісі желіде зәбір көрген қыз бала мен оның ата-анасын кінәлап пікір қалдырмауды өтінді. Ол жәбірленушіні жазғыруды доғарып, оған қорлық көрсеткендерді айыптап, соларға назар салуды сұрады.

Естеріңізге салайық, Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары 8 ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, құлдықта ұстаған. Олар қызды ұрып-соғып, азаптап, бопсалап, қорқытқан. Қыздың тәнін саудалай отырып айына кемінде екі-үш миллион теңге табыс тапқан.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.