«Қызыл дельфин» балаларымызды қынадай қырмасын
Бір кездері «Синий кит» деген жаман ойынмен алысып едік. Енді балалардың өміріне қатер төндіретін «исчезни на 24 часа» (24 сағатқа жоғалып кет), «Красный дельфин» деген бәлелер шығыпты. Бұл ойынсымақтар суицидке итермелейтін мазмұнға ие.
Күні кеше Алматыда көпқабатты үйлерден секіріп, өз өмірін қиған 7-сынып оқушылары осы ойынның жетегінде кеткен деседі.
Бұл ойын телеграм, тикток арқылы тарап жатыр екен. Алгоритмі шамамен былай деседі: әуелі шексіз өмір туралы ақпарат, сосын бір түйір дәрі және биіктен құлар алдында аяқ-киімді шешіп кету үрдісі.
Соңғы кезде жасөспірімдердің үйден шығып кетуіне, тіпті ұшты-күйлі жоғалып кетуіне осы ойындар себеп деседі. «Қорқасың ба не?», «тапсырманы орындай алмайсың ба, слабак» деген жалған намысты қайрап, бұғанасы бекімеген балалардың тағдырын күл-талқан ететін ойындар жастардың телефонына етене еніп барады.
Құрметтілерім, балаларыңызды телефонын жиі-жиі тексеріп тұрыңыздар, нені скачать етіп жүр, қандай сайтқа кіріп отыр, қадағалау керек. Бұл өте маңызды! Ертең кеш болып жүрмесін! Бәленің беті аулақ!
Балаңызға «ботам, мен әркез сенің маңдай тірер, арқа сүйер ең жақын адамыңмын, мен үшін сен ең маңызды, ең қымбат жансың!» деп жиі айтып, құшағыңызға басып тұрыңыз! Бұл өте маңызды!
Айнұр ТҰҢҒЫШБАЕВА, қоғам белсендісі.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.