Бүкіл мектепте шұғыл ата-аналар жиналысы өтеді

0
55

Оқу-ағарту министрлігі 23-27 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектептерінде балалардың қауіпсіздігіне арналған ата-аналар жиналысы өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жиналыста ата-аналардың бала өміріндегі, сондай-ақ онлайн кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігі туралы сөз қозғалады», — деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда жаңа оқу жылы басталмай жатып оқушылар арасындағы өлім-жітім көбейіп кетті. Күні кеше әлеуметтік желіде пост жазған бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, қазір елімізде суицид жасайтын балалардың орта жасы 11-13 жасқа дейін жасарып кеткен. Айта кетейік, ішкі істер министрлігі бұрын бұл статистика 15-17 жас еді дейді.

Сондай-ақ Зәкиеваның айтуынша, балалар арасындағы өлім-жітім Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің деңгейінде талқыланып жатыр.

Биыл мәдениет және ақпарат министрлігі балалар арасында суицидті насихаттайтын 22 фактіні анықтаған. Айта кетейік, соңғы жағдайларға байланысты қазір ата-аналар арасында «балалар қауіпті ойын ойнайды» деген пікір тарап жатыр. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар жиналысында дәл осы мәселені қозғамақ.

«Бала қауіпсіздігі ата-ана, педагог, әрбір ересек адам үшін басымдыққа ие болуы тиіс. Баламен ашық диалог құру, оның өміріне ұдайы қатысып отыру, цифрлық құрылғыларды бақылау және баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу — бұл проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадамдар. Ата-аналардың міндеті тек баланың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, сонымен қатар өз баласымен оны әрқашан тыңдауға және көмектесуге дайын екенін білдіретін сенімді қарым-қатынас қалыптастыру. Бала біздің болашағымыз, олардың саламаттылығын сақтау тікелей бізге байланысты», — деп атап өтті ҚР оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Естеріңізге сала кетейік, оқу жылы енді басталғанда Ақтөбе облысында 14 жастағы оқушыны өзінен үлкен балалар өлімші етіп сабаған еді. Бұл фактіні Бас прокурор өз бақылауына алды. Ал, осы мектепке барған Динара Зәкиева ауыл мектебінің ішінде үлкен сыныптың оқушылары кіші сыныптағы ұлдарды тәрбиелейтін жүйе бар дегенді растады.