Мектепте хиджаб киюге рұқсат жоқ!

0
269

Кешелі бері әлеуметтік желілерде «тәкбир!» десіп қуанған қауым «Жоғарғы сот мектепте хиджаб киюге рұқсат берді» деген ақпаратты қарша боратып таратуда деп жазады Democrat.kz.

Адвокаттардың сөзіне сілтеме жасалып, тіпті кей БАҚ-тарда таралған бұл ақпаратта мектепте хиджаб кию заңды деп те көрсетілген.

Алайда Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты Қазақстан мектептерінде орамал тағу заңды деген ақпараттың жалған екенін ресми мәлімдеді.

«Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Жоғарғы Сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат таралып жатыр. Істі қарау аясында Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпаған. Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі. Сонымен қатар, бейінді министрлікте орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктер бар. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған»,  — деп хабарлады Жоғарғы сот.

Жоғарғы сот ата-аналар мектеп жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау міндетіне жауапты екенін хабарлаған.

Қорыта айтқанда, «тәкбир!» «аллаһу әкбар!» деп саусақтарын көкке шошайта қуанған қауымның көңіл күйін түсіруге мәжбүрміз. Мектепте хиджаб киюге болмайды! Сондай-ақ Қазақстан — діни мемлекет емес екенін, соның ішінде Қазақстан — мұсылман елі емес екенін тағы да «тәкбир!» деген қауымның есіне салып өткіміз келеді.

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.