Немере баққан ата-әжеге жәрдемақы берілмек

0
128

Швецияда ата-әжелер немерелеріне қарағаны үшін мемлекеттен ақшалай жәрдемақы ала бастады. Осыған байланысты жаңа заң биылғы жазда күшіне енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.

Барлық әкімшілік шараларды Швецияның Әлеуметтік сақтандыру агенттігі жүргізеді. Бұл заң әсіресе жұмысбасты отбасыларға үлкен көмек.

Швецияда бала күтімі бойынша демалыстың жаңа ережелеріне сәйкес, ата-аналар өздерінің 45 күнге дейінгі ақылы демалысын баланың ресми қамқоршысы болып табылмайтын адамдарға бере алады. Мысалы, бұл ата-әжелері болуы мүмкін. Ал егер ата-ана жалғызбасты болса, олар 480 күн ақылы демалыстың 90 күнін басқа біреуге бере алады.

Швецияның Әлеуметтік сақтандыру агенттігі өкілдерінің айтуынша, жаңа заң ата-аналардың жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған, сондай-ақ гендерлік теңдікті дамытуға ықпал етеді. Заңды ұсынған министр Швецияның бүкіл Еуропаға үлгі болатынына сенімді.

Euronews хабарлауынша, тамыз айының соңына дейін шамамен 1500 швед азаматтары жаңа заңның мүмкіндіктерін пайдаланып үлгерген.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.