Бауырына көмекке ұмтылған жігітті аяусыз пышақтап өлтірген

0
849

Democrat.kz. сайтында «Соттың әділетсіздігінен талқандалған тағдырлар» атты заңгер Ләззат Ахатованың жазбасы жарияланған еді. Мақалада айтылған қылмыстық оқиға мен сот барысында бұрмаланған шындықтар туралы төменде жалғасы беріліп отыр. 

Ағасын өлтіріп, інісін 10 шақты жігіт қан жоса, өлімші етіп ұрып, ол аздай, 12 жылға соттатып жіберген қылмыстық топ кімдер? Неге ағайынды Мамильяновтарға қатысты іс осынша бұрмаланып отыр?

Қарындастары мен анасы шырылдап, қақпаған есіктері қалмаған. Бас Прокуратураға да, Президент Аппаратына да араша сұрап, хаттар жазыпты. Еш нәтиже жоқ..Апырай, бұл елде әділдік бар ма дейсің, осындайда?

Әділдікке жету үшін Салтанат Нүкенова сияқты дөкейдің қарындасы, не әйелі, немесе қылмыскер экс-министр болу керек пе, сонда?!

Видеода айдан анық көрініп тұр, ол видео тергеуде де, сотта да зерттелген. Ағайынды екі жігітті соққының астына алып жатқан бір топ адамдардың қолдарында суық қару болған. Жан даусы шығып айқайлаған інісіне көмекке келе жатқан марқұм жігітке 7-8 рет пышақ сілтеп, ақыры өлтіріп тынған.

Ал інісі ыңырсып жатыр..Әзер дегенде тірі қалған жігітті жәбірленуші Заиц Артемға пышақ сұқты деген айыппен бақандай 12 жылға соттап жібереді. Біздің сот педофилге 2,5 жыл бергенін де көріп едік. Ал ешкімді өлтірмеген, керісінше бауырынан айрылып, өзі әупіріммен жаны қалған Дудар Мамильяновты 12 (!) жылға кесетіндей, қоғамға, мемлекетке не зиян келтірді екен?..

Ал сараптама қорытындысы бойынша пышақтағы қанның ізі пышақ сұғылды деген жәбірленуші Заицқа емес, керісінше аяғына пышақ сұғылған сотталушы Дударға тиесілі екен. Дәл осылай айдан анық жазылған. Бірақ оны тергеу де, сот та көрмеген, не көргісі келмеген.

Сол себепті назарға алмаған. Ол аздай, ана тарап мына жақтан келген үш жігітті тағы ұруға 10 жігіт шақырған. Олар куә ретінде сотқа қатысып, не үшін барғандарын баяндап берген. “Морально қолдау үшін” барыпты, достарын. Төбелесте морально қолдау деген болатын ба еді?

Өздері соқталдай, спортик жігіттер. Біреуді біреу тепкілеп, пышақпен жаралап жатса, морально қолдап, қарап тұру үшін барған ба, аяқ қолдары балғадай 10 еркек?!

Өзі пәлен адамның тепкісінен әзер аман қалады, туған бауырынан айрылады, ақырында 12 жылға сотталады. Мұндай жағдай басқа елдерде де бола ма екен?

Одан өзге жасырын тергеу амалдары жүргізілгенде ана тараптың “адвокат “тірі қалған інісіне жабыңдар, бар бәлені” деп айтты” деген сөздері жазылған аудио запись те бар. Бұл дәлелдің бәрі сотқа да, тергеуге де ұсынылған. Алайда, сот шешімі қалай шыққанын көріп отырмыз..

Қарлығаштың қанатымен су супкендей, көз жастары көл боп, әркімнен көмек сұрап, жанұшырып жүгіріп жүрген қаршадай қарындастары болмағанда, жабулы қазан жабулы қалатын ба еді?..

Біздің құқық қорғау органдарының бір ғана былығы, бұл. Ал қоғам естімей, көрмей жатқан қанша тағдыр иесі жазықсыз темір тордың ар жағында жатыр екен?..

P.S. Іс қазір апелляциялық сатыда екен. Қашан тағайындалатыны белгісіз. Бар үміттері — үніміз тиісті органға жетіп, әділдік жеңсе екен, бір ағамыздан өлідей айрылдық, енді жазықсық кеткен екінші ағамызды құтқарсақ деп жүрген жандардың сәулелі үміттері ақталса екен деген тілек.

Ләззат АХАТОВА, заңгер.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.