Сен халыққа не пайда бердің, Ғалымжан Құрманбек?
«Атаңның басы, шешеңнің шорбайы», Ғалымжан!
Айыпқа бұйырмаңыздар, бұл сөз біздікі емес. Ғалымжандікі.
Ғалымжан Зиябек, яки Ғалымжан Елшібайдың сөзі емес. Бұрын «Шаншарда» күлдібадам арзан әзіл айтып, сайқымазақ болып жүрген, қазір аса діншіл әртіс Ғалымжан Құрманбек дегендікі. Жүйесіз сөз иесін табады деген осы.
Гитлер жарықтық айтқандай, қандай жүйе болса да қызмет ете беретін арбакеш, әртістердің қатарында жүре бергені жақсы-ақ еді өзінің.
Өзі әліне қарамай, тамада. Ындынын осы өнерімен толтырып жүр. Бірақ ауыз өзімдікі екен деп лағатыны жаман.
Бір тойда екіленіп тұрып, сонау Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырларды аузына алып, соңын Исатай, Махамбетке тіреп «осылар ел, жер үшін соғысқан жоқ, дін үшін соғысты» деп айды аспанға бір шығарды.
Мынау, ұшса құстың қанаты талатын, шапша аттың тұяғы кетілетін қазақтың ұланғайыр даласы, елімізге ислам діні келмей тұрып-ақ қазақтың меншігі еді ғой. «Құлды бәрекелді құтыртады» дегендей, сұмпайылар қазақтың ар-намысымен ойнауын қоймай қойды.
Тағы біреуі ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзін редакциялап «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, иманнан» деп халыққа тықпалаған еді.
Қазақтың көсемі Әлихан Бөкейхановты ең көп зерттеген ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы. Ол бір постында Әлекеңнің түрмеде ораза ұстағанын, ауыз ашарға үнем таппай қара сумен жапқаны туралы Ахаңа жазған, жарияланып жүрген сөзін жоққа шығарды.
Сұлтанханның айтуынша Әлекең ораза ұстамаған азамат екен. Сонда болмағанды болды деу, айтпағанды айтты деу, істемегенді істеді деу кімге керек?! Мақсаты не?
Осылай әсіре діңкештердің көбейіп кеткендігі қорқытады.
Әлеуметтік желіде әлгі Ғалымжан деген қуғынбайдың есірткіге елтіген киевандай шалқып отырғанын көріп тағы да іш тарттық.
Кезінде Патшалық Ресейдің шенділері қалың қазақ киесіндей көретін Түркістандағы Тайқазанды Санкт-Петербург музейіне арттырып жіберді. Қолдан келер қайран жоқ, ұлт қорланды.
Сол Тайқазанды қазақтың аяулы әрі қайраткер, ұлтшыл ұлы Өзбекәлі Жәнібеков орыс шовинистерімен жаудай жағаласып жүріп елге қайтарды. Бұл өткен ғасырдың 1989 жылдары еді.
Қазақтың өшкені — жанды, өлгені — тірілді. Қожа Ахмет Иассауидің сүйегі жатқан сарайдан өз орнын тапқан Тайқазан-қазақтың рухын қатты көтерген еді.
Қазақтың соңғы ханы Кенесарының «елімді, жерімді жауға бермеймін» орыс империясымен арыстанша арпалысып, әз денесі сатқындардың кесірінен қырғыздың Кекілік тауында қалып еді.
«Қазақ жерінің пұшпағын жауға басқызбаймын» деген көзсіз ер, ұлтының садағасы болған батырға патша үкіметі «жеріңді кесіп берейін, айлық жалақы алып тұр, бар керегіңді береміз» деп сөлкебайларын, сыйлықтарын ұсынғанымен бәрінен бас тартты.
Кенесары-рухы езілген, бодан елге айналған, ыңыршағы шыққан қазақтың соңғы үміті еді.
Ана антұрған не дейді дейсіз ғой.
«Кенесарының жоғалып кеткен басы түгіл бүкіл денесін аспанға асып қойсаң да сол қу сүйек саған не береді?» деп көсемсиді.
«Тайқазанды елге әкелсе құт, ырыс, береке кіреді деп еді. Атаңның басы, шешеңнің шорбайы… Тайқазанмен бірге надандық, жемқорлық, зинақорлық сияқты пәлелер келді дейді да, бәрі басшының ниетіне байланысты деп соңын әлміштеп қояды.
«Қазақтың киесі ұрғыр-ау, өзің халыққа не пайда әкелдің?» деп ит терісін басына қаптайтын ақсақалдар бәтуа айтатын шығар деп күттік, болмады.
Мұндай кері сиген бәдіктерге үйреніп қалған ба, әлде ұлт санасы қалғып кеткен бе, Айт-Мандай қиғыр қылыштар бой көрсетпеді.
Спорттағы сорақыларды жазам деп талай жақыныммен кетіскенім бар, қазақ рухына, киесіне сөз тиген соң шыдап тұра алмадық.
Әттесі, бұлар жауынан кейінгі саңырауқұлақтай қатары көбейіп барады. Қазаққа ұрынбаса, надан ұлт көрмесе іштері кебеді, білем. Әйтеуір, біреу жаманатты болу керек қой.
Енді қазақты адастырып жүрген осындай әсіре діншілдер туралы жазып, елдің көзін ашпасақ болмас. Айдары, анау айтқандай «Атаңның басы» не «Анаңның шорбайы» деп қойсам ба деймін. Өзінікі өзіне. Қалай ойлайсыздар?!
Оңтүстікте Абай Балажан деген белгілі журналист бар. Айтқаны, жазғаны ондыққа тиеді. Сол Абай пост жазыпты. «Е, Жаратқан ием, өзіңе жасаған бір дұғам осы болсын. Әншілер мен әртістерді діндар қыла көрме. Спортшыларды да» деп.
Күйіп кеткен ғой. Түсінемін. Деструктивті ағымдар елдің батыры спортшыларға да жетті. Әйтпесе, өзім екі олимпиадасындағы күресіне куә болған, шын мәнінде өте талантты балуан «мен Аллахтың қалауымен жеңімпаз болдым. Аллатағала әке-шешемді маған бонусқа берген ғой» деп айтар ма еді.
Әзіл деп қабылдасақ та шындығына өзі сеніп тұр.
Не айтсаң соны айт, бірақ құшағы даладан кең дана қазақтың намысына тиіп, жұртты адастырмаңдаршы, өтініш… Сол қазақ болмаса сен кімнің шікрасысың?!
Қайдағы бір сүйегі қурап қалған арабтардың өмірін өнеге етіп, қазаққа тықпалайтындай не бастарына күн туды. Біліп қой, түйенің сідігін ішіп, шегірткенің етін жеген арабыңа керек емессің. «Халқын жамандаған көмусіз қалады» дегенді ұмытпа, інім…
Бахтияр ТАЙЖАН, танымал журналист.
Facebook жазбасы.
Фото автордың парақшасынан алынды.