Өз баламызға қастандық жасаудамыз

0
92

Сауда үйлеріндегі 1 этажды түгел алып жатқан фастфудта еңбектеген баладан, таяққа сүйенген қартқа дейін тұтас отбасы отырады.

Оны да көрген сайын жүрегім ауырады. Мен үшін сұмдық, қорқынышты картина.

Қанша бала денсаулығын ойсыратып жатыр.

Оның зардабын адам бірнеше жылдан соң көруі мүмкін. Біз, ересек адам ретінде балалардың дұрыс тамақтану жөнінде сауатын ашуымыз керек. Дұрыс тамақтану мәдениеті қалыптасуы қажет. Ол үшін өзің сауатты болу маңызды.

Фастфудтың құрамында қанша қант, трансмайлар, қоспалар бары белгісіз. Тамақ қуырылған майлар қашан ауыстырылады, үстіне құя бере ме, оны да тексеріп, басында тұрған ешкім жоқ.

Өткенде әдетімше медицинаға қатысты сұқбат тыңдадым. Тыңдап отырып шашым тік тұрды. Фри тез дайындалатын тағамдардың ішіндегі ең зияны екенін естігенде шошыдым. Барлық баланың ең жақсы көретіні осы фри ғой.

Ең зиянды тағамдар әдетте өте дәмді келеді әрі адам қызығатындай етіп оны керемет жарнамалайды.

Коланың 1 стақанында қанша қасық қант барын естіген сәтте оны мүлдем ішпей кеткем.

Қазір 2 типтегі қант диабеті көбейді. Балаларда да кездесіп жатыр. Ауру жасарды. Газдалған тәтті сусындар, шырындар мен фаст фуд денсаулықты білдірмей ойсыратуда.

Оның салдары кейін шығады. Жас организмде зат алмасу процесі жақсы жүретіндіктен бала кезде, жас шақта көп өзгеріс білінбеуі мүмкін, сосын белгілі болады. Болары болғанда.

Балаларға қанттың зиянын ерте түсіндіру қажет. Дұрыс тамақтану әдетін де бала кезден қалыптастырмаса, кейін әдетті жеңу өте қиын болады. Ересек адам әдетте өзіне шамасы келмейді.

Тіпті өздері түсінген кезде кеш болуы мүмкін. Қант диабетінің емі жоқ емес пе, инсулинге тәуелділік.

Қантқа анализ тапсырғанда норма көрсететіп жатады. Адам соған мәз. Ал шын картинаны гликированный қант қана айтады.

Қазір барлық салаға, әр қадамыңа саналылық қажет. Тренд, сән, жарнама — тек ақша табу үшін пайда болған механизм.

Нағыз сапалы дүние, нағыз саналы адам көрініп тұрады. Ол үнемі қарапайым. Ол мен мұндамын демейді. Айғайламайды. Оны өзің іздеуің керек. Ал зиян қадам сайын алдыңнан шығады.

Жанар ШАМЕЛЬ, журналист.

Facebook  жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.