Қоғам сауатты болсын дейтін билік оқушысын осылай оқытады

0
101

АҚШ мектебі баланы қалай оқытады? Төртінші сыныпқа баратын қызым Ләйләні жетелеп, АҚШ-тағы Вирджиния штатының Арлиңтон қаласына қарасты «Ashlawn» бастауыш мектебінің қабылдау бөлмесінде тұрмыз.

Сәлден соң, оқу-білімге жауапты қызметкер құжатымызды қабылдап алып, екі күннен кейін келуімізді айтты. Межелі уақытында қайтадан мектепке бардық.

Арада тиісті сауалнаманы толтырып жатқанда, мектеп қызметкері «отбасында қандай тілде сөйлейсіздер?» деп сұрады. «Қазақ тілінде» деп жарыса жауап бердік.

Бетімізге қарады да: «жоқ, сіздер орыс тілінде сөйлесесіздер ғой, бұдан бұрын Қазақстаннан осында келіп, баласын оқытқандардың көбі отбасында орыс тілінде сөйлеседі», деді.

Біз қоярда-қоймай сауалнамаға «отбасында қазақ тілінде сөйлесеміз» деп жаздырдық. «Біздің мектепті таңдағандарыңыз үшін рахмет!», деп ағынан ақтарылған жауапты қызметкер үш баламыз бар екенін көріп, қызымызға мектепке керекті оқу-құралдарын тегін беріп, қолынан жетелеп алып кетті.

Бұл жағдайдан түйгеніміз – АҚШ мектептері әр оқушының ана тіліне, дініне, отбасылық дәстүріне құрметпен қарайды екен.

Содан кейін бізге аптасына 2-3 рет мектепте болатын іс-шара мен алдағы оқу жоспары сияқты маңызды ақпарат электронды поштамызға қазақ тілінде келіп тұрды.

Әр күні таңда мектеп автобусы қызымды үйден алып кетіп, кешке өздері әкеліп тастайды. Бөтен ел, жат ортаның мектебіне қызымыз үйрене бастады.

Бір күні кешкі ас үстінде «мұғаліміміз сыныпта қай жерге отырып сабақ тыңдасаң да өз еркің, тіпті жерге төселген кілемге жатып сабақ тыңдауға да болады», деп айтты, солай істеп көрмесем деп жайдары күлді.

Бұл қарапайым ұсыныстан біз АҚШ мектебіндегі демократия мен жайлылықты, ешкімді бөліп-жармайтын әділдікті сезіндік.

Көп өтпей мектептің тағы бір қызметкерінен телефон қоңырауы келді. «Сіздің отбасыңызда үш бала бар екен, сондықтан біз сіздерге көмектесуіміз керек. Ақылдаса келе әр жұма күні сіздер белгіленген орыннан балаларға арналған органикалық тағамдарды тегін аласыздар» демесі бар ма?

Американың қымбат қоғамына енді үйреніп келе жатқан бізге бұл үлкен көмек болды.

АҚШ-та әр сыныптағы 20-дан астам оқушыға екі мұғалім жетекшілік етеді. Қызымыз сырттан барған соң, олар бірден оған ағылшын тілін меңгеруге көмектесіп, әр күні жеке сабақ беріп, қатарға тез қосылуына қолғабыс етті.

Әсіресе Крипу ханым есімді ағылшын тілі мұғалімі оған оқитын кітаптар беріп, күнделік журнал жазуын қадағалап жүрді. Әр күні кешкі аста қызымыз сол күнінің қалай өткенін әңгімелеп береді.

Бірде ас үстінде ол: «Мен Англияны жақсы көрмеймін, себебі олар бұрын Америкаға шабуыл жасапты», дегені. Баланың бал тіліне күліп, алпауыт елдің мектептеріндегі идеологияның қалай жүргізілетініне де сәлде болса көз жеткізгендей болдым.

Әрине, әр мемлекет үшін идеология басты орында екені даусыз. Ал бұны мектеп жасынан бастап үйрету де қажетті әдістердің бірі сияқты.

Үш айдан кейін қызымыз «бүгіннен бастап Клаудия деген бірге оқитын досым маған ағылшын тілін үйретпейтін болды, өйткені мен сабаққа ілесіп кеттім» деп қуанып отыр. Бұған отбасымызбен қуандық.

АҚШ мектебінің тағы бір ерекшелігі – оқушыларды кітап оқуға жетелеу. Әр пәннен сабақ беретін мұғалімдер оқушыларға соған сай келетін әртүрлі кітаптарды өздері кітапханадан әкеліп беріп, үйге оқуға береді.

Шындығында, баланың мүмкіндігі шексіз ғой, оны қалай тәрбиелесең, солай болып өседі. Крипу ханымның қадағалауымен қызым көп өтпей ағылшын тіліндегі кітаптарды еркін оқып, түсіне алатын деңгейге жетті.

Сонымен бірге мұғалімдер оқушыларға қалай кітап оқу жоспарын жасауды үнемі үйретуден жалықпайтынын сезіндік.

Зерделеп көрсек, АҚШ мектептерінің мұндағы мақсаты – оқушыға ағылшын тілін меңгерту, сол арқылы тілдің өрісін кеңейту.

Оқу маусымының бірінші тоқсаны аяқтала бере қызымыз бір бет қағазды көтеріп келді. «Бұл не?» десек, «Diamante» өлең үлгісі, осы туралы үйреніп жатырмыз. Мен жазған өлеңімнің тақырыбын «Қазақстан»деп қойдым» деп жымиып тұр.

Небәрі жеті жолға ол еліміздің бүкіл болмысын, қасиетін сыйғызыпты. Бұл америкалық оқу бағдарламасының баланы жан-жақты тәрбиелеуге бағыттайтынын түсіндіретін бір ғана мысал.

Мектептердің оқыту жүйесінде негізгі пәндер ағылшын тілі, өнер, математика, тарих, география және әлеуметтік зерттеулер. Сонымен бірге әрбір пән оқушыларға өзін дамытуға көмектеседі деп жоспарланған.

Жалпы алғанда, АҚШ-тың оқу бағдарламасы оқушыларға өздерінің артықшылығын сезінуге, соған жеке тұлға ретінде қол жеткізуге, демократиялық қоғамның азаматтары ретінде жауапкершілікпен қызмет етуге, жылдам қарқынмен дамып жатқан әлемде бәсекелестікке қабілетті болуға, тіпті қазіргі әлемді өзгертетін жаңа идеялармен жұмыс істеуге жетелейді.

Сонымен бірге ондағы оқу бағдарламасы білім алушының психикалық және физикалық қабілетін бір уақытта дамытып, жақсартуға бағытталған.

Мұғалімдер баланың танымдық қабілетіне, олардың физикалық және моральдық өсуіне назар аударады. Мысалы, ата-ана жиналысы болған сайын мұғалімдері қызымыздың өзгерістері, қандай кітап оқығысы келетінін, кімдермен дос болып жүргенін жиі сұрайды.

Айтқан жауабыңды тыңдап, оның мектептегі іс-әрекетімен сәйкестендіреді. Осы арқылы олар оқушылардың мектептегі, мектептен тыс іс-әрекеттеріне назар аударып, олардың моральдық құндылықтары бар күшті жеке тұлға болып қалыптасуына бастамашылық рөл атқарады.

Авторы — Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН.

Әлеуметтік желіден алынды.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.