«Отпен ойнамаңыздар!» деген заңгер Айгүл Орынбек дабыл қақты

0
689

Әлеуметтік желідегі парақшасында танымал заңгер Айгүл Орынбек орта мектептердің біріндегі сорақы жағдай туралы жазып, дабыл қақты деп хабарлайды Democrat.kz.

«Жеті жылға жуық еңбегіміз далаға кетті! Фирдауси мектебінің қәзіргі жағдайы!» деп сол мектептегі оқушылардың суретін салған заңгер: «Жанардан құтылғанша асығып, “Мемлекеттік мектеп облыстың бақылауында”, деген едіңіз  Бейсен Тәжібаев, 100% орамалға орап қойып бақылауда осылай ұстап  отырсыз ба?

Сайдакбар Мирзаев бүтін бір мемлекетке талап қойды “Жанар отырмасын кетсін, сол кезде қыздарымды сабаққа жіберем ”,- деп, Жанарды кетірді, енді орнына қалған қазақ Еркінбек ағайды  да кетсін  деген бұйрық келіпті.

Қайрат Арап мырза!

Отпен ойнамаңыз!

Мирзаев Сайдакбар талап етсе болды, барлығын орындай бересіздер ме?

Үш жыл бойы қыздары мен ұлын орамал үшін мектепке  жібермей қойған еді.

Одан Жанар кетсін деді, енді Еркінбек ағай не үшін кету керек?

Қашанғы бір адам бүкіл мемлекетке не істеу керек екенін  диктовать етеді?» деп жазған заңгер Айгүл Орынбек мәселені ҚР Бас прокуратурасы, ҰҚК назарға алуын сұрады.

Айта кетейік, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Фирдауси ауылындағы №24 мектептің ата-анасы біраз уақыт бұрын балаларын мектепке жібермей,  мектептің бұрынғы басшысы орнынан кетсін деп талап етіп, сол талабын орындатқан болатын.

Алайда талабын ғана емес, шариғат заңдарын да орындатуға кіріскен Сайдакпар Мирзаев енді №24 Фирдауси мектебінің қазіргі директорын да жұмыстан кетсін деген талап қойып отыр екен.

Жазба астында пікір білдіргендердің бірі Мирзаев деген кісінің күн сайын мектеп алдында тұрып, оқушылардың орамал таққан-тақпағанын бақылайтынын да айтады.

Қазақстан Республикасының Ата заңы белгілі бір кісілер үшін «басқаша жұмыс» жасайтын болғаны ма, бұл не сұмдық? Күллі қазақстандық оқушыға талап етілген мектеп формасы бар емес пе?

Әлде, әр пенденің наным-сеніміне қарай ала-құла киінуге рұқсат беріп, мектептерімізді мешітке айналдырайық па?

Мұнан бөлек, бір кісінің талабы екен деп, мектеп басшысын қолғапша ауыстырып, әлгі кісінің талаптарын орындап жүргендер кім?

Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім сапасын көтергісі келсе, неге алдымен осындай мәселелерді шешпейді?

Митингіге шыққысы келген жұртты ниеті үшін қамауға ала алатын ҰҚК қайда қарап отыр?

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Фото автордың парақшасынан алынды.